Жұртты алдап соққан ломбардтар заңсыз жұмыс істеген

Автор: Azattyq Rýhy

Агенттік адамдар өз әрекеті үшін жауапты екенін еске салады 

ҚР «Микроқаржы қызметі туралы» заңына сәйкес ломбардтардың жеке тұлғаларға микрокредиттер беру жөніндегі қызметі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржы қызметіне жатқызылған.

«Бұл ретте өз қызметін жүзеге асыру үшін ломбардтар 2020 жылдың  1 шілдесінен бастап   Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігінде  тіркеуден өтуі қажет.  Одан кейін агенттік осы ұйымдардың қызметін  реттеуді жүзеге асырады. Қазіргі таңда бірде-бір  ломбард иесі  тіркеуден өту үшін тиісті ведомствоға  жүгінбеген. Сәйкесінше, микроқаржы ұйымдарының тізімінде де жоқ», делінген баспасөз мәлімдемесінде. 

Агенттік  тұрғындарға тіркеуден өтпеген  ломбардтардың қызметінен бас тартуды ұсынып отыр.  Сондай-ақ,  тіркеуден өткен микроқаржы ұйымдарының тізімімен агенттіктің ресми сайтында танысуға болатынын айтады. Сайт мекен-жайы -  www.finreg.kz.

«Осыған ұқсас компаниялармен келісім-шарт жасасқан  азаматтар  барлық ықтимал тәуекелдерді өз бетінше бағалауы және өз іс-әрекеттері үшін жауапты болуы тиіс екеніне назар аударамыз», - деп ескерту жасайды Агенттік.

Ломбардтардың қызметі бойынша сұрақтар туындаған жағдайда Агенттікке мына мекенжай бойынша: Алматы қ., Көктем-3, 21 үй, сондай-ақ Агенттіктің аймақтық өкілдерінің басқармаларына (Агенттіктің сайтында көрсетілген мекенжайлар бойынша) хабарласулары қажет.