Марқұм болғандар бір-біріне туыс болып келеді
Шымкенттегі пәтерлердің бірінен екі ер адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған.
Қайғылы жағдай 24 ақпан күні түнде қаладағы орталық көшелердің біріндегі үйде болған. Марқұм болғандар бір-біріне туыс болып келеді.
Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті таңертең оларды әскери қызметшілер деген ақпарат таратқан еді. Кейіннен оның біреуі сарбаз, екіншісі саудагер екенін нақтылады. Қазір олардың неден қайтыс болғаны анықталып жатыр.
Төтенше жағдай қызметкерлерінің хабарлауынша, екі жігіт газдан уланып, қайтыс болуы мүмкін деді.
«Үйді жылыту мақсатында газ плитаны қолданған. Газ үздіксіз қосылып тұрғандықтан уланып қайтыс болуы мүмкін деген де болжам бар. Дегенмен, олардың неден қайтыс болғаны сараптама қорытындысынан белгілі болады. Газды не себепті қосқаны да әзірге белгісіз. Бірақ газ плита қосулы қалған. Бөлме газ иісіне толып қалған», – деді Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Бауыржан ІЗБАСАРОВ.
Дереккөз: astanatv.kz