Алматы облысында үйінің екінші қабатын анаша алқабына айналдырған тұрғын ұсталды (видео)
Тұрғын қосымша жылу беретін күн батареяларын арнайы орнатқан екен
Алматы облысының полицейлері есірткі зертханасын әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел ақпарат бойынша Іле ауданының А. есімді тұрғынының есірткі заттарын жасап, таратумен айналысқанын анықтады.
Сондай-ақ, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде «марихуана» есірткі заты бар 8 сіріңке қорабы тәркіленіп, сараптама актілерімен белгіленді. Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде Қылмыстық кодекстің 297-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелген.
«Санкцияланған тінту барысында Іле ауданының 47 жастағы ауыл азаматы тұратын тұрғын үйдің екінші қабатынан «марихуана» есірткі заттарын өсіріп, дайындап, тарататын зертхана табылды. Оның үйінің екінші қабаты күн батареяларының көмегімен қосымша жылытылған.
Тінту жүргізу кезінде салмағы 26 кг-ға жуық 47 бұта, 295 орама және салмағы 8,5 кг болатын дайын екі қап «марихуана» табылды және тәркіленді.
Есірткі өсімдіктерін өсіру, аса ірі мөлшерде дайындау және сақтау дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 300-бабының 1-бөлігі, 296-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәсін мойындап жауап берген күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды», – дейді Алматы облысы ПД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Қазбек Мұхамедов.
Дереккөз: Polisia.kz