Алматы облысында оқушыларды тонап кеткен күдіктілер ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Тәртіп сақшылары қарақшылық жасаған екеуді бір сағат ішінде қолға түсірді

Алматы облысы Қарасай ауданының Қаскелең қаласындағы колледжде білім алатын үш оқушыны тонаған екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәртіп сақшылары небәрі бір сағаттың ішінде оқушыларды тонаған күдіктілердің мекенжайын анықтап, оларды қолға түсірді.

Айта кетсек, 23 ақпан күні сағат 22-00 шамасында Қарасай ауданының Полиция басқармасына жергілікті колледждерде оқитын үш оқушының ата-анасы хабарласып, білім ордасының аумағында белгісіз екі адамның кәмелетке толмаған үш балаға күш қолданып, қымбат телефондарын алып кеткенін жеткізген.

«Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер қылмысқа қатысы бар екі күдіктіні ұстады. Олар 17 және 19 жастағы Жамбыл облысының тұрғындары болып шықты. Сыртқы бейнебақылау камераларына түскен күдіктілерді зардап шегушілер де жазбай таныды. Олар жасаған қылмыстарын мойындады және сол уақыт аралығында телефондарды Алматы қаласындағы базарлардың бірінде сатып жібергендері анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Олардың бұдан өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде», - деп атап өтті Қарасай ауданы полициясы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абай Тынышбаев.