Алматы облысында такси жүргізушісінің пышақталған мәйіті табылды

Azattyq Rýhy

Күдікті қылмысын алдын ала ойластырып, асқан сақтықпен жасаған

Алматы облысында такси жүргізушісінің пышақталған мәйіті табылды
Фото: pixabay.com

Алматы облысы Талғар ауданы Кеңдала ауылының шетінен 37 жерден пышақ жарақаты салынған такси жүргізшісінің мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Талғар аудандық полиция басқармасының мәліметінше, жантүршігерлік қылмыс алдын ала ойластырылған және асқан ұқыптылықпен жасалған.

«18 желтоқсанда іздеу жұмыстары барысында таңғы сағат 4.00 шамасында канал маңынан жүргізушінің денесі, ал одан 1200 метрдей жерден оның көлігі табылды. Белгілі болғандай, күдікті бір реттік абоненттік нөмір, ұялы телефон пайдалана отырып, алдын ала суық қару мен кісі өлтіруге болатын иесіз жерді таңдап, марқұмның көлігін қалдыратын жерді белгілеп, әбден дайындалған», - делінген хабарламада.

Қандықол қарақшының қылмысты асқан сақтықпен істегеніне қарамастан, полиция қызметкерлері оны Алматыдағы Сейфуллин көшесінде, «Мега» сауда үйінің ғимаратына қарама-қарсы тұста қолға түсірді. Күдікті жеке себептермен кісі өлтіргенін мойындады.

Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктіден кісі өлтіру кезінде қан ізі қалған киімі, сондай-ақ жиналмалы пышақ тәркіленді.

Тергеу мүддесіне сай басқа ақпарат жария етілмейді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.