Жары жұмыста, ұлы сабақта болған кезде ер адам 13 жасар қызына зорлық жасап жүрген
Туған қызын зорлап келген әкенің арам ісі әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Сотталған азаматтың әкесі трактор жүргізуші болған, анасы дүкенде жұмыс істеген. Ол төрт балалы үлгілі жанұядан шыққан екен. Бұрын-соңды жанұясында ешкім сотты болмаған.
Арман (аты өзгертілді) жарының жұмыста, кіші ұлының сабақта болғанын пайдаланып, өзінің 13 жасар туған қызына зорлық жасаған.
Арам ісі әшкереленген әке енді ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-4 бабымен 17 жылға сотталып, жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеп жатыр.
«Санамды арақ уламағанда, ондай іске бармасым анық еді. Өз ісіме қатты өкінемін, тағылған айыптарды толық мойындаймын. Өз қолыммен істеген ісіме өз басыммен жауап беруге дайынмын», - дейді ол.
Алайда, бесіктен белі шықпаған, физикалық және психологиялық тұрғыдан толық жетілмеген, тіпті мінезі де қалыптасып үлгермеген жасөспірімнің жағдайы, алдағы тағдыры жасы 37-дегі әке өкінішімен, қылмыс жазасының ауырлығымен өтеле ме?
«Әрбір арам ісімнен кейін қызыма тұрып жуынуды және болған жағдайды ешкімге айтпауын, айтқан жағдайда қандай қайғылы жағдай болатынын айтып, қорқытып отырдым», - дейді сотталушы.
Жұмысы, толық жанұясы бар, туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болған оның бұл қылмысын сот сараптамасы зерттей келе, оның өз ісін толық қадағалай алатын жағдайда екенін дәлелдеген.
«Түзету мекемесіне келгелі бері психологтар жасаған қылмысыма қарамастан, мені жеке тұлға ретінде қабылдап, ішкі сырымды айқын айтуға мүмкіндік беріп, менің жаңа ортаға бейімделуіме көмектесіп жатыр. Сондай-ақ, менің өз қызыма айуандық жасағаныма қарамастан менімен жүргізген жұмыстары үшін мекеме басшылығына, қызметкерлеріне және психологтарға алғысым шексіз», - дейді Арман.