Атырауда ломбард директорының кепілдікке алынуына қатысты полиция түсініктеме берді (видео)

Автор: Azattyq Rýhy

«Гарант24 Ломбард» ЖШС аймақтық директоры уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: diapazon.kz

Құқық қорғау органдарының өкілдері Атырау облысында тұрғындардың ломбард директорын кепілдікке алуына қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтемежасап.

21 ақпаннан бастап қала тұрғындары Атырау қалалық полиция департаментіне алаяқтардың заңсыз әрекеттері туралы шағымдана бастаған.

«Қазіргі уақытта «Гарант24 Ломбард» ЖШС мен «НурАлиКапитал» ЖШС-не қатысты ҚР ҚК 190 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. «Гарант24Ломбард» ЖШС аймақтық директоры уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген ведомство хабарламасында.

ПД баспасөз қызметі сондай-ақ, ломбард директорының кепілдікке алынғаны туралы ақпаратқа да түсініктеме берді.

«Ломбард директорын кепілдікке алуға қатысты түсіндіре кетсек: 22 ақпан күні полиция басқармасына әйел адам арызданып, қаладағы үйлердің бірінде ер адамды заңсыз ұстап отырғаны туралы мәлімдеді. Көрсетілген мекенжайға жедел-тергеу тобы шұғыл барып, ол ер адамды Полиция басқармасына жеткізді», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта 1995 жылы туған ер адамның «ХоумАвтоИнвест» ЖШС-нің атқарушы директоры екені анықталды.

«Оның айтуынша, азамат ЖШС салымшыларымен келіссөз жүргізу мақсатында пәтерге келген. Оған қатысты күш көрсету оқиғасы тіркелмеген. Қазіргі уақытта ол полиция департаментінде пәтерге өз еркімен немесе мәжбүрлі түрде барғанына қатысты түсініктеме беріп жатыр», - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Тұрғындардың арызына қатысты заңды шешім қабылданады. ҚР ҚПК 201 бабы бойынша басқа ақпарат жарияланбайды.

«Полиция дәлелденбеген ақпараттар таратудан аулақ болуға шақырады. Тұрғындардың барлық арызы бойынша заңды шешім қабылданады», - деді полиция өкілдері.

Айта кетсек, бірқатар жергілікті БАҚ беттерінде Атырауда алданып қалған салымшылардың ломбард директорын кепілдікке алғаны туралы ақпарат жарияланған болатын. Онда қаладағы драма театры маңындағы үйдегі пәтерлердің бірінде директордың қамалып отырғаны, тұрғындар оны тек салымшылардың ақшасын қайтарғанда ғана босатамыз деп талап қойғаны туралы айтылған еді.