СҚО-да ер адам жалған құжатпен 4 жыл бойы зейнетақы алып келген
Алаяқ «зейнеткер» мемлекеттен 7 миллион теңгеге жуық қаржы алған

Солтүстік Қазақстан облысында ер адам жалған құжатпен төрт жыл бойы зейнетақы алып келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі аймақтық экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ер адам 2015 жылдың 1 сәуірінен бастап 2019 жылдың 31 қыркүйегіне дейін Өзбекстан Республикасының құқық қорғау органдарының зейнеткері деген жалған құжат жасатып, сол бойынша ҚР аумағында зейнетақы төлемдерін алып отырған. Белгілі болғандай, ол осы уақыт аралығында мемлекеттен жеті миллион теңгеге жуық қаражат алып келген.
Заңсыз алынған зейнетақы төлемінің жалпы сомасы 6 989 658 теңгені құраған. Ер адам сотқа дейінгі тергеу және сот қаралымы барысында екі миллион теңге шығынды өтеп берген.
«Сот үкімімен айыпталушы азамат ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлімінің 1-тармағы, яғни «Ірі көлемде жасалған алаяқтық» бойынша кінәлі деп танылып, пробациялық бақылау арқылы төрт жыл сегіз ай мерзімге бостандығын шектеу түрінде жазасын өтейтін болады», - деді аймақтық экономикалық тергеу департаментінің өкілдері.