Астаналық бармен есірткі сатқаны үшін 15 жылға сотталуы мүмкін – ІІМ

Автор: Azattyq Rýhy

Жедел-іздестіру шаралары кезінде 4 грамм мефедрон және 11 грамм гашиш тәркіленді

Фото: ашық дереккөзден

Елордалық түнгі клубтың 22 жастағы бармені есірткі таратқаны үшін ұсталды. Күдікті өзінің жұмыс орнында – түнгі клубтың бар үстелінде мефедрон сатуды ұйымдастырған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Астана қаласы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын өткізіп, жеткілікті дәлелдеме базасын алып, есірткіні ойын-сауық орындарында өткізгені үшiн түнгі клубта бармен болып жұмыс істейтін жас жігітті ұстады. Оның жалға алған пәтерін тінту кезінде «каннабис» және «синтетикалық» есірткі заттары да тәркіленді», - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек министрліктің дәстүрлі брифингінде.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде 4 грамм мефедрон және 11 грамм гашиш тәркіленді.

«Енді күдікті он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді Ш. Тұрлыбек.