Жетісу облысында қарлы боранда жолда қалған көлік жүргізушілері құтқарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Дизельді жүк көліктері жолдағы қарлы боранда тоқтап қалып жатыр

Жетісу облысында боранда жолда қалған жүк көліктерінің жүргізушілерін полиция қызметкерлері құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір аумағындағы ауа райының күрт өзгеруі (аяз, көктайғақ және боран) ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне көптеген қиындық туғызып жатыр. Ең күрделі жағдай Алакөл ауданында байқалады. Көптеген дизельді жүк көліктері автомобиль жолдарындағы қарлы боранда кептеліп қалып жатыр.

Патрульдік полиция батальонының 6-взводының командирі Азамат Жиенбаев қарамағындағылармен бірге ондаған жүргізушілерге қарлы бораннан шығуға көмектесті. Сондай-ақ патруль полиция қызметкерлері трассада жаураған жолаушыларға ыстық тамақ және мүмкіндігінше қажетті автокөлік бөлшектерімен көмектеседі.

Өткен күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық және облыстық маңызы бар көп жолдар жабылды. Полиция қызметкерлері өз кезегінде патрульдеуді күшейтіп, тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

«Құрметті жүргізушілер, сіздерден метеорологиялық қызметтердің ресми хабарламаларына мұқият назар аударуыңызды сұраймыз. Сапарға шыққанда бұл туралы таныстарыңыз бен туыстарыңызға хабарлау қажет. Өзіңізбен бірге қосалқы жылы заттарды, сіріңке және дәрі қобдишасын алып жүріңіз», – деп атап өтті Азамат Жиенбаев.