Әйелдің жағдайы қанағаттанарлық. Ал ер адам өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр
Павлодарда күйеуі әйелінің үстіне бензин құйып, өртеген. Жағаұстатар жағдай қаладағы көп қабатты үйлердің бірінде болды. Абырой болғанда әйел аман қалды. Ал ер адам жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy astanatv-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Сұмдық оқиға түнгі уақытта болған. Ер адам үйіне өзімен бірге бір бөтелке бензин әкеліпті. Оны әйелінің үстіне құйып, от қойған. Жанармай оның үстіне де шашырап, екеуі де өртенген.
«Ол бензинді бірінші еденге төкті, сосын жаға бастады. Мен қашып едім ол қолындағы жанармайды менің үстіме қарай шашты. Сөйтіп, үстімдегі киімдерім жана бастады. Сосын футболкамды шешіп, жуыну бөлмесіне қарай жүгірдім. Бөлмеден шықсам үйдің іші түтін болып кеткен. Бір уақытта балам менің шашым жанып жатқанын айтты», - дейді зардап шегуші Инна.
Дәрігерлер екі науқастың да жағдайы ауыр екенін айтады. Ер адамның денесінің жартысы күйіп қалған.
«Әйел күйік бөліміне түсті. Жағдайы қанағаттанарлық. Денесінің біраз бөлігін күйік шалған. Ал ер адамның жағдайы өте ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр», - дейді Павлодар қалалық №1 аурухананың бөлім меңгерушісі Марат Қанжығалин.
Өрттен 3 адам құтқарылды. Оның екеуі - бала.
«Өрт орнында техникалық сараптама мамандары жұмысын жасауда. Өрттің шығу себебі, қасақана өртеу. Істің мән-жайын Павлодар қаласының оңтүстік полиция бөлімшесіне жолдадық», - дейді Павлодар қалалық ТЖ басқармасы бастығының орынбасары Тілекжан Галямов.
Әйеліне бензин құйып өртемек болған азаматқа қатысты адам өлтіруге оқталу бабымен іс қозғалды.
«ҚР Қылмыстық Кодексінің 24 бабы, 3 бөлігі, 99-бабы екінші бөлігі 6 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеур жүргізілуде», - деп көрсетті Павлодар қалалық полиция басқармасы оңтүстік полиция бөлімінің тергеушісі Әнел Қазанғапова.
Күйеуінің әйелін не себепті өртемек болғаны әзірге белгісіз. Оны полиция анықтайтын болады. Егер ол кінәлі деп танылса, 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.