$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мас болып, қызметтік көлікті пайдаланған – СҚО-да әкімге қатысты жаза тағайындалды

Ауылдық округ әкімін полицейлер ұстап, 20 күнге қамауға алған

Мас болып, қызметтік көлікті пайдаланған – СҚО-да әкімге қатысты жаза тағайындалды
Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Юбилейный ауылдық округінің әкімі Бүркіт Шекеновке қатысты тәртіптік іс қаралды. Шенеунік арақ ішіп, қызмет көлігін жұмыстан тыс уақытта пайдаланған. Ауылдық округ әкімін полиция қызметкерлері ұстап, 20 күндік қамауға алған. Кеңес мүшелері «тентек» шенеунікті қызметінен босатуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Әкім өз кінәсін толығымен мойындап отыр. Мемлекеттік қызметте 20 жылдай еңбек өтілі бар ол алғаш рет аяғын шалыс басқанын айтты.

«Шекеновтың іс-әрекетінде ҚР заңдарымен белгіленген міндеттерді сақтамау байқалды.  Атап айтқанда, Мемлекеттік қызмет туралы заңды бұзған және мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін сақтамаған. Осылайша мемлекеттік қызметшілердің атына кір келтірді», - дейді Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Абзал Оразымбетов.

Әдеп жөніндегі кеңес ауыл әкімін жұмыстан шығаруды ұсынды. Одан бөлек, жиында облыстың Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Жанат Тоқсанбаевқа қатысты тәртіптік іс қаралды. Қол астындағы қызметкерлер мемлекеттік қызметшінің моральдық-этикалық нормаларды сақтамайтынына арызданған. Әдеп жөніндегі кеңес Жанат Тоқсанбаевқа ескерту беруді ұсынды.

«Қызметтік тергеу барысында Жанат Тоқсанбаевтың әдепсіз мінез-құлық көрсеткені анықталды. Оның әрекеті этикалық кодекс нормаларын бұзу болып саналады. Ал хаттамаға сәйкес мемлекеттік қызметкер ҚР Конституциясы мен заңнамасын сақтауға соның ішінде қызметтік әдепті сақтауға тиіс», - дейді Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Динара Қантаева.

Сондай-ақ отырыста қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары мен ұжымда белгілі моральдық-психологиялық ахуалды сақтау мәселелері көтерілді.

Серіктес жаңалықтары