Қарағанды дүкенінде әйел адамның ұрлық жасаған сәті камераға түсіп қалды
42 жастағы әйел ұсталды
Қарағанды дүкенінде әйел адамның ұрлық жасаған сәті камераға түсіп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қарағанды қаласы ПБ-ға Октябрь полиция бөліміне қала тұрғынынан арыз түсті. Арызданушы супермаркеттердің біріне барғанын және сауда бөліміне кірмес бұрын көзге арналған массаж жабдығы бар дорбасын зат сақтау камерасының ұяшығында қалдырған. Сауда жасап шыққан ол, белгісіз біреу зат сақтау камерасының ұяшығын ашып оның дорбасын ұрлап кеткенін анықтаған.
Жәбірленуші шыққан шығынын 245 мың теңгеге бағалады. Полицияда осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Оқиға орнынан полицейлер бейнебақылау камерасының жазбасын тәркілеп алды. Камерада бір әйел зат сақтау камерасының ұяшықтарына жақын келіп, біраз уақыт ойланып, содан кейін жәбірленушінің мүлкі салынған ұяшықты ашады. Оның ұяшық ішіндегі бөтеннің дорбасын ашып көріп ”олжасын” алып кеткен ұрлық сәті камераға түсіп қалған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері бұрын құқық қорғау органдарының назарына түспеген күдікті 42 жастағы әйелді анықтап, ұстады.
Ол медициналық жабдықты алғаннан кейін оны қалай қолдануға болатындығын білмейтінін айтып, түсіндіріп, кінәсін мойындады. Заттай дәлелдеме алынып, жәбірленуші тарапқа қайтарылды.