«Тергеу әділ өтпеді»: СҚО-да жидек теруге барып, атылған оқтан қайтыс болған әйелдің баласы Президентке шағымданды
Қайғылы оқиға 11 шілде күні болған
Солтүстік Қазақстан облысында орманға жидек теруге барып, атылған оқтан қайтыс болған Алтынай Мұздақбаеваға қатысты сот процесі басталды. Басты күдікті Жамбыл ауданындағы Бауман станциясының тұрғыны Сергей Лосеня. Сотталушылар қатарында ауылдың учаскелік инспекторы Қабай Әлтеев те бар. Мемлекеттік айыптаушы олардың әрқайсысын 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрап отыр. Ал марқұмның ұлы Алтынбек Сайлауов мұндай үкіммен келіспейді. Ол тергеудің әділ жүргізілмегеніне және анасының Сергей Лосеня емес, полиция қызметкерінің қолынан қаза болғанына сенімді. Ең жақын адамынан айрылған перзент бейнежазба арқылы Президентке өз шағымын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ 7 ЖЫЛҒА СОТТАУДЫ СҰРАДЫ
Қоғамдық резонанс тудырған іс бойынша алғашқы отырыс Мамлют аудандық сотында өтті. Естеріңізге сала кетсек, оқиға 11 шілде күні болған еді. Далада жалғыз өзі жидек теріп жүрген әйелді аңшылар аң деп ойлап қалған-мыс. Мылтықтан атылған оқ Алтынай Мұздақбаеваның оң жақ иығына тиген. Көп қан жоғалтқан ол аудандық аурханаға бара жатқанда көз жұмған. Аталған іс бойынша басты күдікті станция тұрғыны, зейнеткер Сергей Лосеня болды. Күдікті бар кінәні бірден өз мойнына алған. Шілде айында ол тергеу изоляторына қамалып, бүгінгі күнге дейін темір тордық ар жағында отыр. Алайда соттың алғашқы отырысында оның ісі қаралған жоқ. Әзірге құзырлы орган полицейге қатысты деректің ақ-қарасын ажыратып алмақ.
«Әлтеев өзінің қызметтік борышын дер кезінде орындамаған. Ол қылмыстық іске күдікті ретінде Лосеняны қамауға алып, тез шара қолдануға міндетті болатын. Оның дер кезінде әрекет етпеуінің салдарынан қылмыс айғағы жоғалды. Және медициналық қызметті дереу шақырмаған. Ол адам өліміне алып келді», - дейді мемлекеттік айыптаушы Талғат Төлегенов.
АУЫЛДАСТАРЫ ПОЛИЦЕЙДІҢ СПИРТТІК ІШІМДІК ПАЙДАЛАНҒАНЫНА СЕНІМДІ
Бірінші отырыста 4 куәгердің айғақтары тыңдалды. Әсет Байжиенов жаралы күйінде егістік алқабында жатқан Алтынай Мұздақбаеваны алғашқылардың бірі болып тауып алған. Ауыл тұрғынының айтуынша, сол кезде оның жанында учаскелік инспектор болған, ол қансырап жатқан әйелдің қасында жай ғана тұрған, тіпті оған алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырыспаған.
«Қабай Абайұлы сол жерде тұрды. Алтынай марқұм айдалада қансырап отырды. Сол қолымен оң жақ иығын ұстап алған. Киімдерінің бәрі қан-жоса болған, топырақ жұққан. Бет-әлпеті қиналғаннан сазарып кеткен. Учаскелік инспектор маған оны ауруханаға жеткіз деді. Мен бас тарттым. Өйткені, Алтынайды іздеуге шыққанда оны біреу атып кеткенін естідім. Өзіме айып тағыла ма деген қорқыныш болды. Қолыма екі ұялы телефон ұсынды. Алмадым. Бұйрығын орындаудан бас тартқан соң, «жөніңмен кете бер, өзіміз ауруханаға апарамыз» деді. Жанынан арақтың исі мүңкіп тұрды», - дейді Бауман станциясының тұрғыны Әсет Байжиенов.
Тергеу аяқталып, сот процесі басталса да, марқұмның туыстары әділдік іздеп шарқ ұрып жүр. Солардың бірі - Алтынай Мұздақбаеваның баласы Алтынбек Сайлауов.
«Екеуі де мас болғанын көрген куәгерлер бар. Алайда медициналық сараптама олардың қанының құрамында ішімдік болмағанын көрсеткен. Ол өз қызметін пайдаланып, нәтижесін өзгерткізді деп ойлаймын. Лосеня «Абайсызда адам өлтіру» дерегі бойынша жауапқа тартылып отыр. Айыптау актісінде Қабай Әлтеев жүргізіп келе жатқан көліктен Серей Лосения Алтынай Мұздақбаеваға оқ атқан деп жазылған. Олар бұған дейін тергеуге кедергі келтіріп, бәрін адастырып келді. Болған жағдайды басқаша жеткізді. Ауылдан бір қару табылды. Алайда одан менің анама оқ атылмаған. Қылмыс айғағы әлі күнге жоқ. Сергейдің азаматтық некедегі әйелі де Әлтеевтің 5 күн бойы хабарласқанын айтты. Ол өзінде мылтық барын айтып, Сергейді аңшылыққа шақырған. Әлтеевке 7 жыл жаза беру аз. Лосенияға да солай. Қылмыстық топ ретінде кемінде 15 жылдан бас бостандығынан айрылуы керек деп ойлаймын. Абақтыда отырып ойлансын, адам өмірі ойыншық емес. Сергей тергеуді шатастырмай, бар шындықты айтуы керек еді. Қаруды да тыққан сол деп ойлаймын. Ол учаскелік инспекторды қорғап тұр. Әділетті жаза тағайындалғанын талап етемін», - дейді Алтынбек.
Сонымен қатар, сот тағы 2 куәгердің айғақтарын тыңдауы керек, олардың бірі абайсызда кісі өлтірді деп айыпталған Сергей Лосеня. Марқұмның туған тутыстары әлі де Лосеняның сотта бар шындықты айтанынына бір жағынан үмітпен қараса, екінші жағынан күдік бар.
«Құрметті Президент Контитуцияның кепілі ретінде менің анам Алтынай Мұздақбаеваның өліміне қатысты тергеудің әділ өтуіне көмектесуіңізді сұраймын. Мен күдіктілер сотталып жатқан баппен келіспеймін», - деді марқұмның ұлы.