Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы қайта өтіп жатыр
Ол өз кінәсін мойындамады
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы қайта жалғасты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Атырау қаласындағы №2 сотта Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы өтіп жатыр.
«Сот отырысында «Менің бұл қылмыстық оқиғаға қатысым болған жоқ. Осы іс бойынша заңға сәйкес ақтау үкімі шығарылуы мүмкін», -деді Бақытгүл Хаменова.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы 26 мамырда Атырау қаласының №2 сотына ҚР Қылмыстық кодексі 366-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке, ҚР Қылмыстық кодесі 367-бабының 2-бөлігімен «Б» ЖШС директорына қатысты қылмыстық іс түсті.
Ал, 11 тамызда Атыраудағы №2 қалалық сотта Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы басталды. Айыптау актісі 55 беттен тұрады.Алғашқы сот отырысында Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындамады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Прокуратура өкілі Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бас бостандығынан айыруды ұсынды.