Қостанайда зейнеткер қағып кеткен 9 жастағы қыз қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екінші науқас жансақтау бөлімінде жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Қостанайда 71 жастағы көлік жүргізуші 5 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Зейнеткер қазір бостандықта, ол ешқайда кетпеу туралы қолхат жазған. «Мерседес» көлігін тізгіндеген қария өткен аптада жаяу жүргіншілер жолағында екі адамды қағып кетті. Ауыр жарақаттан 9 жастағы қыз бала ауруханада қайтыс болды. Ал оның анасы хал үстінде жатыр. Екі күннің ішінде ана мен балаға екі жүзден астам тұрғын қан тапсырған. Полиция жол көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғады. Көлік жүргізушісі бес жылға сотталуы мүмкін.

«Аталған Қылмыстық іс ҚР ҚК 345 бабының екінші тармағы бойынша қаралған. Яғни адам денсаулығына абайсызда ауыр жарақат салу. Енді 9 жастағы қыздың қайтыс болуына байланысты бұл оқиға аталған баптың 3 тармағымен қаралатын болады. Яғни қылмысқа күдікті азамат 5 жылға бас бостандығынан айрылуы әбден мүмкін», - деді Қостанай облысы ПД баспасөз қызметінің бас маманы Кенже Қонысбай.

«Қазіргі таңда науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Есін жиды. Бірақ жағдайы өте ауыр», - деп хабарлады Облыстық аурухананың баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.