«iPhone алғанын мойындаған» экс-әкімге сот үкімі шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Байқоңыр ауданының бұрынғы әкімі 15,4 млн теңге көлемінде айыппұл төлейді

Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі Байқоңыр ауданының бұрынғы әкімі Асқар Есіловке және оған пара берген кәсіпкерге қатысты сот үкімі шыққанын хабарлады.

«2020 жылғы 17 ақпандағы Есіл ауданының №2 аудандық сотының үкімімен Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданының бұрынғы әкімі А.С.Есілов 515 000 теңге тұратын ұялы телефон түрінде пара алғандығы және футбол алаңдарының құрылысы бойынша қосалқы мердігерлік жұмыстарды алуға жәрдем бергені үшін (ҚК-тің 366 бабының 2-бөлігі), ал кәсіпкер С.С.Нұртазин пара бергендігі үшін (ҚК-тің 367 бабының 2-бөлігі) кәнілі деп танылды», - делінген хабарламада.

Сотталушылардың жасаған қылмыстары үшін өкінгенін, кінәсін мойындағанын, асырауында жас балаларының барын ескере отырып, іс сотқа дейінгі жеделдетілген тергеу тәртібімен қаралған. Сот отырысы барысында прокурор айыптылар А.С.Есіловке - 15 450 000 теңге және С.С.Нұртазинге – 7 725 000 теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушылардың екеуі де өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды. Айыппұлды төлеуден өрескел бұлтарған жағдайда, аталмыш жаза түрі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.