Жамбыл облысында жолаушылар пойызы мен автокөлік соқтығысып, 6 адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Қайғылы оқиға 1 қараша күні сағат 8.55 шамасында болған

 

Фото: t.me/POLICE_of_KZ

Жамбыл облысында жолаушылар пойызы мен автокөлік соқтығысып, 6 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға бүгін, 1 қараша күні сағат 8.55 шамасында болған.

«Түрксіб станциясындағы желілік полиция бөлімінен Меркі ауданының Қарасу ауылында теміржол өткелінде жолаушылар пойызы Audi автокөлігімен соқтығысқаны туралы хабарлама келіп түсті. Көлік апатының салдарынан 6 адам қаза тапты», - деді Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Оқиға орнында кезекшi жедел-тергеу тобы жұмыс iстеп жатыр.