Алматыдағы рейдерлік басып алу: сотталушылардың туыстары мен адвокаттары мәлімдеме жасады
Үш адамға халықаралық іздеу жарияланған

Алматыда рейдерлік жолмен бизнесті басып алды деген күдікке ілінген бірнеше кәсіпкердің туыстары ҚР Президентінің бұл іске араласуын сұрайды. Өйткені, олар ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық іске сылбыр қарағанын айтады. Бұл туралы Алматыда арнайы баспасөз жиынын өткізген кәсіпкерлердің жақындары мен адвокаттары мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алматыдағы «Есентай Сити» тұрғын үй кешенін тұрғызу кезінде акционерлердің бірі Алмас Әбдіғаппаров істі болған. Сотта кәсіпкердің 1 миллион доллар жымқырғаны дәлелденіп, ол биыл 5 шілде күні 7 жылға сотталды. Алайда кәсіпкердің анасы баласының кінәлі екеніне сенбей, Президентке хат жолдап, көмек сұраған. Оған қоса, ұлының серіктестері 20 миллион долларға бағаланған өзіне тиесілі 25 пайыз үлесін басып алғанын жазған еді. Көп ұзамай-ақ, осы жылы 14 шілдеде Әбдіғаппаровтың Танашев, Бабаев, Алтыбасаров және Әбіжанов деген 4 серіктесі Қылмыстық кодекстің 249-бабы бойынша, яғни рейдерлік жасады деген күдікпен қамауға алынды. Тағы үш адамға халықаралық іздеу жарияланған.
«Әбдіғаппаровтың анасы баласының серіктестері құқық қорғау органдарындағы лауазымды тұлғалармен сыбайласып, баласына жала жапқан деген. Сондай-ақ, ол бұл әрекет өзіне тиесілі бизнестегі 25 пайызды тартып алу үшін жасалған деп көрсеткен. Бұл үлесті Жүнісбекова ханым 20 миллион долларға бағалапты. Бірақ бұл 25 пайыз үлестің бүгінгі нарықтық бағасы небәрі 27 мың теңге. Себебі, компанияның қарызы оның активтерінің құнынан асып тұр. Оған тиісті тәуелсіз сараптаманың нәтижесі де бар», - деді күдікті Рауан Бабаевтың қорғаушысы Ашурбек Ашурбеков.
Адвокаттар агенттік қызметкерлерінің ешқайсысы үлесті сату бойынша сотта азаматтық тәртіппен қаралатын азаматтық-құқықтық дау бар екеніне назар аудармағанына наразы.
«Бұл үлестің құны өтініште көрсетілгендей 20 миллион доллар емес, 27 мың теңге екеніне ешкім мән бермеген. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде фактіні тіркегенге дейін бұл үлесті тәуелсіз бағалауды жасамағанына, бірақ компанияның әлі де қарыздары мен міндеттемелері бар екендігіне назар аударған жоқ. Мұндай жағдайларда ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 179-бабымен мұндай өтініштерді тіркеуге және олар бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуге тікелей тыйым салынады.
Бүгінгі күні бұл дау шешілді және Әбдіғаппаровтың анасының компания үлесінің 25%-ын иелену жөніндегі құқықтары сот арқылы қалпына келтірілді», - деп атап өтті құқық қорғаушылар.
Заңгерлер бұл істе рейдерлік басып алу туралы айтудың өзі артық дейді. Өйткені, тартып алатындай ешнәрсе жоқ деп отыр. Ал қамалған кәсіпкерлердің туыстары жақындарының түрмеде қысым көріп, өздерінің шоттары негізсіз бұғатталғанын айтады.
«Заң бойынша менің ана ретінде қысқа мерзімге болсын баламды көруге қақым бар. Бірақ маған рұқсат бермейді. Уақытша ұстау изоляторының іші ылғал, мүлдем желдетілмейтін камера. Ал ұлымның созылмалы ауруы бар. Тергеу бұған да мән беріп жатқан жоқ», - деді күдіктілердің бірінің анасы Гауһар Бабаева.
«Қаржылық мониторинг агенттігінің тарапынан бір күнде бәріміздің шотымыз бұғатталды. Тіпті айлық алатын картаны да бұғаттаған. Кәмелет жасына толмаған балалардың да есеп-шотын жауып отыр. Баланың бұл іске қандай қатысы бар?! Жылжымайтын мүлікке де шектеу қойған. Мәселен әкеме өткен ғасырдан мұра болып қалған пәтерді де арестке қойған. Оның не қатысы бар? Бауырыма бүгінде тек қана адвокат кіре алады. Ол қазір карцерге ұқсас камерада жатыр. Тіпті сыртқа серуендеуге де шығармайды екен. Бұл азаматтар әлі заң алдында кінәлі деп танылған жоқ, ол күдікті. Кінәсіздік призумциясы деген бар. Барлық жерге қылмыстық топ деп жариялаған. Бұл заңға қайшы», - деді күдіктінің ағасы Азамат Танашев.
Заңгерлер ҚР Президенті мен ҚР Бас Прокуратурасынан Алмас Әбдіғаппаровтың анасы мен ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлеріне қатысты мұқият тергеу жүргізуді әрі Avconstruction ЖШС-нің ісіне араласуды сұрап отыр.
Azattyq Ruhy тілшісі де агенттіктің баспасөз қызметіне бұл мәлімдемелерге қатысты сауал жолдады.
«Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. 201-баптың нормаларына сәйкес өзге ақпаратты айта алмаймын», - деді ҚР қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.