Ол тамыз айының басында әлеуметтік желі арқылы «есірткі жасырушы» болып жұмысқа тұрған
Қарағандыда 17 жастағы есірткі жасырушы қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 16 қазанда қалалық полиция басқармасына қарасты патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен қала көшелерінің бірінде 17 жастағы кәмелеттік жасқа толмаған қыз ұсталған.
«Қыз баланың сөмкесінде 20 орам ерекше иісті, өсімдік тектес жасыл түсті заттар болған. Сараптама қорытындысына сәйкес аталған заттар 35,09 гр марихуана есірткі заты екені белгілі болды. Ұсталған бойжеткен тамыз айының басында әлеуметтік желі арқылы «есірткі жасырушы» болып жұмысқа тұрғанын түсіндірді. Ол істеген жұмысы үшін ақшаны электронды-әмиян арқылы алып отырған. Бұл жағдайда кәмелеттік жасқа толмаған қыз өзіне жұмыс беруші «куратордың» нұсқұауымен 20 орам марихуана есірткі затын айтқан жерлерге жасыру қажет болған», - делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабына (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.