Маңғыстауда түйеге соғылған көлікте отырған екі адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр

Фото: Экспресс К

Бейнеу ауданынан Шетпе бағытына бет алған көлік жол үстінде тұрған екі түйені қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды.

«Lada Xray» автокөлігінің жүргізушісі Бейнеу ауылынан Шетпе кенті бағытына қарай келе жатып, республикалық маңызы бар тас жолдың 93 шақырымында екі түйеге соқтығысты.

 «Аталған дерек Бейнеу ауданы полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізіліміне қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша тіркелді. Тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді», - деді Маңғыстау облыстық ПД баспасөз қызметі.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті облыс тұрғындары мен мал шаруашылығы иелерінен қараусыз қалған жануарлардың салдары осындай адам шығынына әкелген қайғылы жағдайларға душар ететінін ескертіп отыр.