Ресейдің Ейск қаласына құлаған ұшақ апатынан қаза тапқандар саны 13 адамға жетті

Әсел Оршыбекова

Іздестіру шарасы барысында 68 адам құтқарылып, 360-тан астам адам эвакуацияланды

Ресейдің Ейск қаласына құлаған ұшақ апатынан қаза тапқандар саны 13 адамға жетті
Фото: bbc.com

Дүйсенбі күні кешке Краснодар қаласындағы тұрғын алабына СУ-34 бомбалаушысының құлауынан зардап шеккендер саны 19 адамға жетті. Ресми мәлімет бойынша 13 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі ТАСС ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта қираған үйдің эвакуацияланған тұрғындары уақытша орналастыру орындарына жеткізіліп жатыр.

«18 қазандағы таңғы сағат 6.00-дегі ахуал бойынша апат салдарынан 13 адам қаза тапты, оның ішінде 3 бала бар», - деп мәлімдеді елдің Денсаулық сақтау министрлігінің көмекшісі Алексей Кузнецов.

Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, төтенше оқиғадан зардап шеккен 19 адам ауруханаға жеткізілді, оның ішінде екі жүкті әйел бар. Сондай-ақ төрт бала жеңіл және қанағаттанарлық дәрежеде емделіп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі зардап шеккендер туралы ақпаратты растады.

«Төтеншеліктер үйінді аршу жұмыстарын аяқтады, іздестіру шарасы барысында 68 адам құтқарылып, 360-тан астам адам эвакуацияланды», - деп мәлімдеді ТЖМ өкілдері.

Қосымша құтқарушылар мен дәрігерлерді тарту қажеттілігі туындамағандықтан, бұған дейін Мәскеуден ұшып шыққан Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің зардап шеккендерді тасымалдауға арналған арнайы медициналық модульдермен жабдықталған Ил-76 ұшағы кері  қайтарылды. Бұл туралы ТЖМ басшысы Александр Куренков мәлімдеді.

Краснодар өлкесі губернаторының орынбасары Анна Минкованың айтуынша, қаза тапқандардың отбасылары аймақтық бюджеттен 1 миллион рубль алады, зардап шеккендерге 400 мың рубльден көмек бөлінеді. Денсаулыққа жеңіл зиян келтірген адамдарға 200 мың рубльден бір реттік көмек төленеді. Сондай-ақ пәтерде тіркелген әрбір отбасы мүшесіне мүлікті ішінара жоғалтқан кезде 50 мың рубль және толық болған жағдайда 100 мың рубль төленеді. Сонымен қатар аймақ билігі әрбір зардап шегушіге бір реттік көмек ретінде 10 мың рубль беруді жоспарлап отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.