Павлодарское ауылында екі үй жанып кетті
Жалынның жалпы ауданы 300 шаршы метрді құрады

Павлодарское ауылында екі үй жанып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар қаласы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Тілекжан Галямовтың айтуынша, Октябрьская көшесі 65 мекенжайы бойынша жеке тұрғын үй аумағында 60 шаршы метр аумақта бір қабатты төрт бөлмелі тұрғын үй шатырының ағаш конструкциялары, 15 шаршы метр аумақтағы шлак қоймасы шатырының ағаш конструкциялары жанды. Үй иесі 1951 жылғы азамат.
«Сондай-ақ Октябрьская көшесі, 65 мекенжайы бойынша екінші үйде 70 шаршы метр аумақта төрт бөлмелі газоблоктан салынған тұрғын үй шатырының ағаш конструкциялары, ас үйдің ішінде, дәлізде 20 шаршы алаңда жиһаз жанды. Үйге іргелес қоймада 135 шаршы метр аумақта ағаш шатыр өртенді. Үй иесі 1986 жылы туған азамат», - дейді Тілекжан Галямов.
№1 МӨСБ аға инженері, газ-түтіннен қорғау қызметі капитаны Е. Булижанов асханадан 27 литрлік газ баллонын шығарды.
Тілсіз жау сағат 09:23-те сөндірілді. Өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталуда. Зардап шеккендер мен құрбандар жоқ.
Болжам бойынша, өрттің шығуына құрылғының дұрыс болмауы, жылыту пештері мен мұржалардың дұрыс жұмыс істемеуі себеп болған. Осыған байланысты Павлодар қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қатаң түрде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескертеді. Күн суытпас бұрын пешті алдын ала дайындап, мұржаларды тазалауға, жылыту пешінің жанында жанғыш материалдар мен заттарды сақтамауға кеңес береді.
Оқиға орнында 7 техника мен 25 қызметкер, газ-түтіннен қорғау қызметінен бір буын жұмыс істеді. Сондай-ақ Жаңаауыл орман шаруашылығынан бір автоцистерна мен екі адам қатысты. «Рубик» ЖШС-нен су жеткізілді.