«Алматыэлектротранстың» бас директоры екі айға қамауға алынды
Бекмырза Игенбердинов 160 мың доллар пара алып жатқан жерінен ұсталған
Қыркүйектің соңында Бекмырза Игенбердинов “Алматыэлектротранс" ЖШС бас директоры қызметінен босатылып, екі айға қамауға алынды. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, Игенбердиновті Алматыда 160 мың доллар пара алып жатқан жерінде "Антикор" қызметкерлері ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қкілдері (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Игенбердиновтың пара алу фактісін растап, оны не үшін алғанын да айтып берді.
"Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет атқарылған жұмыстар актілеріне қол қою және олар бойынша төлемдерді іске асыру үшін 160 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу фактісі бойынша "Алматыэлектротранс" ЖШС басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр", – делінген ресми сауалға берген жауапта.
Алматы "Антикоры" 28 қыркүйекте Бекмырза Игенбердинов ұсталып, Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын нақтылады.
Басқа ақпарат, департаментте атап өтілгендей, жария етуге жатпайды.