Ақтауда мысықтың басына секіріп жазым қылған ер адам қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалған

Фото: lada.kz

Ақтауда мысықтың үстіне секірген ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалған.

«Аталмыш дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы 1-бөлігі «Жануарларға қатыгездікпен қарау» бойынша тіркелген», - делінген POLISIA.KZ Telegram-арнасындағы хабарламада.

Еске салсақ, 4 қазанда сағат 22.00 шамасында Ақтаудағы 6-шағынаудандарда ер адам көшеде келе жатып, бейқам тұрған үй мысығының басына бар күшімен секіріп, жазым қылған.

Бейнекамераға түсіп қалған оқиғаның видеосы желіде тарап, қазақстандықтардың ашу-ызасын туғызған. Желі қолданушылары жазықсыз жануарды жәбірлеп, қорлаған ер адамды жауапқа тартуды талап еткен.