Түркістанда такси жүргізушісінің көлігін тартып алғандар ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктінің бірі қамауға алынды

фото: Түркістан облысы ПД

Бүгін таңғы сағат 07:15 шамасында түркістандық 2 азамат такси жүргізушісінің көлігін тартып алған. Жәбірлеушінің айтуынша, 2 азамат телефон арқылы такси керек деп шақырған. Сосын тапсырысты қабыл алып, шақырған орынға автокөлігімен барған. Көлікке отырған 2 жолаушының бірі мас күйде болған. Ол жүргізушіге тиісіп, қалтасынан шанышқы шығарып, бетін жарақаттаған. Екеуіне шамасы жетпейтінін білген жүргізуші оқиға орнынан көлігін тастап қашуға мәжбүр болған. Иесіз қалған көлікті такси шақырғандар ары қарай мініп кеткен.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі енгізіліп, Қылмыстық кодекстің 200-бабы «автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркелді.

Жүргізушінің шағымы бойынша оқиға орнына қалалық полицейлер жетіп, жедел іздестіруге кіріскен. Куәгерлерден сұрастырып, сол аумақты мұқият қарап шыққан. Арада 30 минут өткенде жәбірленушінің көлігі жол бойынан табылып, артынан күдіктілер де ұсталған.  

«Тергеу барысында анықталғандай, күдіктілердің екеуі де жергілікті тұрғындар болып шықты. Күдіктінің бірі қамауға алынды, ал екіншісі қолхат жазып берді. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысы полицейлері азаматтарға қашанда сақ болып жүріңіздер деп кеңес береді.

«Осындай жайттың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, жылдам полицияға хабарлаңыз. Бұл өз кезегінде қылмысты «ізін суытпай» ашуға мүмкіндік береді», - деп ескертеді Түркістан облысының полиция департаменті.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР ІІМ бір ғана қаңтар айында Шымкентте ВАЗ-21014 маркалы алты автокөліктің ұрланғанын хабарлаған болатын. 4 ақпанда күдіктілердің бәрі ұсталып, қамауға алынды. Олар Шымкенттің және Түркістан облысының тұрғындары. Ал, автокөліктер түгел тәркіленіп, иелеріне қайтарылып берілді.

Арай Есенбек, Түркістан облысы