Алматыда 3 млн теңгеге қару-жарақ сатпақ болған ер адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Алматыда ер адам қару-жарақ сатпақшы болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Қаскөй Калашников автоматын 3 миллион теңгеге сатпақ болған. Бұл мәмілені қалалық прокуратураның келісімімен Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы тоқтатты.

«Арнайы іс-шара барысында қару-жарақ сатумен айналысты деген күдікпен 42 жастағы А. есімді азамат ұсталды. Ол 5,6 мм патрондарды атуға жарамды АК-74 автоматын сатпақшы болған. Қару-жарақтың нөмірі жойылған, бұл оны анықтауды қиындату үшін әдейі жасалды деп ойлаймыз. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 287-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген қылмыстық іс аясында сот-баллистикалық сараптама тағайындалып, оның қорытындысы бойынша атыс қаруының қайдан алынғаны және кімдікі екені анықталатын болады», – деді Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы Жанат Нұрғалиев.

Күдікті өз ісін мойындады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.