Медициналық куәландыруға сәйкес, жүргізуші сергек әрі сау болған
Павлодарлық полицейлер тасжолда апатты жағдай тудырған жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«18.09.2022 жылы сағат 18.40 шамасында «Павлодар-Қызылорда» автожолындағы жүргізушілерден автожолмен «Infiniti QX80 445AGJ01» маркалы автокөлігінің жолшыбай көліктердің өтуіне тосқауыл қоя отырып, қасақана апаттық жағдай туғызып қозғалып келе жатқаны туралы ақпарат түсті», - деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі Азамат Қалиақпаров.
Шақыру бойынша дереу шыққан автопатруль оқиға орнына келе сала көлікті тоқтатуға кірісті. Алайда автомашинаның жүргізушісі полицияның тоқтау туралы заңды талаптарына бағынбастан, апаттық жағдай тудыра отырып, оқиға орнынан жоғары жылдамдықпен кетіп қалды.
Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері аталған көлікті ұстау бойынша шаралар қабылдап, нәтижесінде ол Екібастұз өңіріндегі Шідерті кентінің маңайында ұсталды.
Полиция жүргізушінің 39 жастағы елорда тұрғыны екенін анықтады. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Медициналық куәландыруға сәйкес, жүргізуші сергек әрі сау болған. Жүргізуші бұл мінез-құлқының себебін түсіндіре алмады.
Оған қатысты бірнеше әкімшілік материалдар қозғалды.