10 ақпан күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданындағы қақтығысқа байланысты бірқатар лауазымды тұлғаны қызметінен босату туралы тапсырма берген болатын
10 ақпан күні президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен Жамбыл облысының Қордай ауданындағы қақтығысқа байланысты қызметінен босатылған Жамбыл облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Арман Оразалиев жамбылдықтармен қоштасты.
«Құрметті Жамбыл облысының тұрғындары! Бүгін сіздермен қоштаса отырып, қызмет барысында көрсеткен қолдауларыңыз үшін баршаңызға зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл, ең алдымен – белсенді азаматтар, полиция қызметкерлері, менің жақындарым. Сіздерге қай кезде де сенім артуға болатын.Жамбылдықтардың бойынан дәл осы қасиеттерді жоғары бағалайтынымды шын жүректен мойындаймын.Мен еліміздің көптеген облыстарында жұмыс істедім және олардың әрқайсысына бар жаныммен уайымдап, өркендеуі үшін үлесімді қосуға, өзімнің пайдамды тигізуге тырыстым. Құрметті менің достарым, осындай жылылық ұялаған аймақта жұмыс істеген кезеңдерімді әрқашан есте сақтайтын боламын. Жамбыл облысының ең мықты, үздік және әрдайым алдыңғы қатарда болуына тілектеспін. Баршаңызға бейбітшілік, тыныштық, ертеңгі күнге сенімділік тілеймін», - деп жазды ол facebook парақшасында.
Еске салсақ, 10 ақпан күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының Қордай ауданындағы қақтығысқа байланысты бірқатар лауазымды тұлғаны қызметінен босату туралы тапсырма берген болатын.
Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбеков пен Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев қызметінен босатылды. Департамент басшысы қызметіне полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов тағайындалды. Ол бұған дейін ол ішкі істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазып, оның орнына премьер-министрдің орынбасары болған Бердікбек Сапарбаев тағайындалды.
Оқи отырыңыз: Қордайдағы қақтығыс: Жамбыл облысының әкімі ауысты