Петропавл тұрғыны есірткі сатқаны үшін 10 жылға сотталды
Жыл басынан облыста есірткі сатқандарға қатысты 16 үкім шығарылды
Есірткі сатумен айналысып келген Петропавл тұрғыны 10 жылға бас бостандығынан айрылды. 23 жастағы жігіт жазасын қауіпсіздігі максималды қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің қабырғасында өтейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бір жыл бұрын солтүстікқазақстандық полицейлерге Петропавл тұрғынының есірткі таратуға қатысы болуы мүмкін екендігі жөнінде ақпарат келіп түскен. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұл мәліметтер расталды. Жас жігітті тінту барысында қауіпті заттардың түр-түрі табылды. Тұрғылықты жерінен 30 грамнан астам мефедрон мен a-PVP синтетикалық есірткілері тәркіленді. Бұл 500 дозадай болады және аса ірі көлемге жатады. Ол көрсеткен «жасырын» орындардан полицейлер MDMA таблеткаларын немесе «экстази» атауымен белгілі метамфетаминді тәркіледі. Күдікті тергеу кезінде және сотта өзінің кінәсін мойындамай, есірткіні жеке пайдалану мақсатында сақтағанына сендірмекші болған. Алынған заттың аса ірі көлемде болуын ол есірткі сайтын бұзып, біреулердің жасырын жерге тастап кеткен есірткілерін алғанымен түсіндірді. Алайда, өзінің айтқан сөздеріне нақты дәлел келтіре алмады.
«ҚР Қылмыстық кодексі 297-бабы 3-бөлігінің санкциясы шеңберінде есірткі саудалаушыға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Соңғы жылдары есірткі саудасына қатысы бар адамдардың орташа жасы төмендеген. Жастар оңай олжаға кенелмекші болып, істі болады. Жыл басынан облыста есірткі сату үшін 16 үкім шығарылды, оның 9-ы 19-25 жас аралығындағы жастарға қатысты», - дейді СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Иван Терзиди.