Қостанайдағы өрт: тағы бір ауылдың тұрғындары көшіріліп жатыр

Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда орман алқабындағы 5 учаскеде әлі өрт сөнген жоқ

Қостанайдағы өрт: тағы бір ауылдың тұрғындары көшіріліп жатыр
Фото: Instagram/qostanai_tjd

Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Бағаналы ауылындағы өрт ошақтарының өршуіне байланысты өзге учаскелерден Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамы мен техникасы жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚР ТЖМ жанына құрылған Жедел штаб мәліметінше, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардың көмегімен ауыл халқы эвакуацияланып жатыр.

Белгілі болғандай, қазіргі таңда орман алқабындағы бес учаскеде өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлығы 91 тұрғын үй зақымданса, оның 85-і Аманқарағай ауылында, 6-ы Озерный ауылында орналасқан.

«Желдің күшеюіне байланысты өрт орманнан Бағаналыға қарай жылжып келеді. Бағаналы ауылын өрт қаупінен қорғау үшін негізіг күш пен құралдарды қайта топтастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар Бағаналы ауылының тұрғындарын Қазанбасы ауылына қарай эвакуациялауға кірісіп кетті. Оқиға орнында ТЖМ-нің 10 бірлік техникасы мен 52 адамы, 3 ұшақ, Қорғаныс министрлігінің 9 бірлік техникасы, Ұлттық ұланның 400 қызметкері жұмыс істеп жатыр», - делінген хабарламада.

Еске салайық, 4 қыркүйекте өңірдегі өрт аумағы 43 мың гектардан асты. Орман шаруашылығының жалпы ауданы – 107 257 га.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.