Астанада әйел адам 24-ші қабаттан секірмек болды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта полицейлер қала тұрғынының мұндай әрекетке не үшін барғанын анықтап жатыр 

Нұр-Сұлтанда әйел адам 24-ші қабаттан секірмек болды. Оны учаскелік инспектор құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Нұр-Сұлтан қаласы ПД Байқоңыр ауданының УПП-27 учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Қуаныш Мирзаев көпқабатты үйдің 24-ші қабатынан секіріп, өзіне қол жұмсамақшы болған әйелді құтқарып қалды.

Полицияның «102» арнасына Уәлиханов көшесінің бойында 24-ші қабаттың сыртқы ернеуінде әйелдің отырғаны туралы қоңырау келіп түсті. Оқиға орнына автопатруль жіберілді. Осы уақытта учаскелік инспектор Қуаныш Мирзаев өзінің әкімшілік учаскесінде болатын. Оқиғаны естіген ол, уақыт жоғалтпай, көрсетілген үйге жүгіріп барып, әйелдің шынында суицид жасамақ болғанын көреді.

Санаулы секундта Қуаныш Мирзаев жоғарғы қабатқа көтеріліп, формасын шешіп тастайды. Техникалық қабаттың кішкентай терезесі арқылы сыртқы ернеуіне көтеріледі. Арадағы қашықтық бір метрден астам болған.Білдіртпей әйелдің артынан келіп, қолынан мықтап ұстап тұрған. Жас әйел қатты жылап, полицейден босап шығуға тырысқан. Осы уақытта құтқарушылар да келеді. Олар бірге қызды терезе арқылы қауіпсіз жерге алып шықты. 

Қазіргі уақытта полицейлер 27 жастағы қала тұрғынын мұндай әрекетке баруға не итермелегенін анықтап жатыр.