Суицид жасаған атыраулық сарбаз соңғы кездері жақындарынан қарызға жиі ақша сұраған
Марқұмның туыстары сарбазды әлдекімдер суицид жасауға итермелеген деп топшылайды

19 тамыз күні Жамбыл облысындағы әскери базада суицид жасаған атыраулық шекарашы сарбаздың денесі туған жеріне жеткізілді.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан әскери қызметшілер марқұм Мираш Бекболдың туыстарына көңіл айтуға келгенін көруге болады. Қайтыс болған сарбаздың жақындарының арасында Мираштың сөз байласып жүрген қызы да бар.
Белгілі болғандай Мираш Бекбол қайтыс болар алдында қызына соңғы хабарламасын жолдаған екен. Хатта «Мен көрінген адамнан қорқып жүрмін, адамнан қорықпайтын едім. Айтатын ешкімім жоқ, жалғыз өзім отырмын. Сен де жанымда емессің. Менің өмірден жоқ болып кеткім келеді, түңіліп кеттім. Мынандай қорқынышпен өмір сүргенше өлгенім артық. Мен сені жақсы көремін», - делінген.
Марқұмның туыстары сарбазды әлдекімдер осындай қадамға итермелеген деп топшылайды.
Сондай-ақ қыздың айтуынша, Мираш Бекбол қайтыс болмай тұрып соңғы кездері жақындарынан жиі ақша сұраған екен. Ағасынан 30 мың, сыныптастарынан да 10-20 мың теңгелеп қарыз алғаны белгілі болды.
Дегенмен, сарбаздың өліміне қатысты әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.