Жыл басынан бері астанада 456 өрт тіркелген
Өрттердің айтарлықтай бөлігі жеке сектоларда болған
Жыл басынан бері астанада 456 өрт тіркелген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Жыл басынан бері қала аумағында 456 өрт фактісі тіркелді. Оның ішінде 150-і жеке тұрғын үй секторында. Өрттерден 10 адам құтқарылып, 26-сы қауіпсіз аумаққа көшірілді. Статистикаға сәйкес, өрттердің айтарлықтай бөлігі жеке сектоларда болады. Сондықтан қалалық құзырлы орган жылыту маусымы басталар алдында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізеді. Биыл бұл шаралар 15 тамызда басталды», – деді Еркін Отарғалымұлы.
Оның айтуынша, өрт қауіпсіздігін тексеру үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Алдымен әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың баспаналары тексеріледі. Елордада осындай санаттағы 1 240 отбасы бар. Келесі кезекте қала аумағында тіркелген 10 мыңға жуық саяжайларға қауіпсіздік шаралары түсіндіріледі. Одан кейін ғана қалада орналасқан барлық тұрғын үйлерді аралап, оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі.