Қарағандылық келіншек Атырау тұрғындарын 40 млн теңгеге алдап кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Ол тауарлық несие алып беремін деген желеумен 40 тұрғынды сан соқтырып кеткен

Атырау облысында тұрғындарды 40 млн теңгеге сан соқтырған алаяқ әйел ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, атыраулық тұрғын 400 мың теңгесін алаяқтар иемденіп алғаны жөнінде полицияға арызданған.

«Аталған қылмысқа күдікті ретінде Қарағанды облысының 35 жастағы тумасы анықталды. Ол екінші дәрежелі банктер арқылы тауарлық несиелер алып беремін деп адамдардың сеніміне кіріп, қаражатты қалтасына басып отырған. Күдіктінің бұдан өзге Атырау облысының 40 тұрғынын алдап, 40 млн теңгеге жуық залал келтіргені анықталды», - делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігімен (Алаяқтық) тергеу жүргізілуде. Күдікті Алматы қаласында анықталып, ұсталып ҚР ҚПК-нің 128-бабына (Ұстап алу негіздері) сәйкес, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.