Павлодарда үш жігіт жабылып зорлаған жасөспірім қыз 10-қабаттан секіріп кетті
Қазір 16 жастағы бойжеткен ауыр жағдайда ауруханада жатыр
Қоғам белсендісі Дина Таңсәрі Павлодарда болған жантүршігерлік оқиға туралы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның айтуынша, 16 жастағы қыздың зорланғаны туралы мәлімет «Не молчи» қоғамдық қорына хабарланған.
«16 жастағы қыз 10-қабаттан секірген. Абырой болғанда, ағашқа құлап, аман қалды, алайда қатты зардап шекті», - деп жазды Дина Таңсәрі.
Оның мәліметіне сүйенсек, зардап шеккен қыз бала тұл жетім және Павлодардағы жетімдер үйінде тәрбиеленген. Зорлыққа тап болған күні Павлодардағы жалғыз әпкесін іздеп келген. Жуырда ғана кәмелет жасына толған әпкесі енді сіңілісін заңды түрде қамқорлығына алу үшін көмек сұраған.
Әпкелі-сіңлілі қыздар Екібастұз қаласынан шыққан. 2009 жылдан бері екеуі екі жақтағы балалар үйінде өмір сүрген. 2012 жылы аналары қайтыс болған соң тұл жетім қалған. Ал әпкесі былтыр ғана тұрмыс құрып, Павлодарға көшкен.
«Әлі ақыл тоқтатпаған сіңілісі туған күн тойланып жатқан пәтерге барып, ұнамаған соң шығып кеткен. Әпкесінің үйін іздеп, таба алмай, бөтен қалада адасып кеткен. Жол-жөнекей үш жігіт танысқан. Араларындағы бір жігіт «әпкеңмен бір сыныпта» оқығанмын деп алдап, такси шақырып беремін деп, пәтерге алып барған. Телефонын өшіріп, оны зорлаған», - дейді Дина Таңсәрі.
Осылайша, зорлық көрген қыз өмірмен қош айтысқысы келіп, сол үйдің 10-қабатынан секіріп кеткен. Қазір омыртқасы мен өзге де мүшелері сынған қыз ауруханада жатыр, әпкесі оның қасынан екі елі ажырамайды.
«Күдікті екі жігіт бірден қамауға алынды. Үшіншісіне қатысты зәбір көрген қыз әлі тергеушілерге жауап беріп үлгермеген. Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері адам сенгісіз ерлік жасап, 10-қабаттан құлаған қызды құтқарып қалды», - дейді Дина Таңсәрі.