«Көмек сұрап айқайлады»: Алматыдағы әйел мен екі баланың өліміне қатысты жаңа деректер шықты
Көршілері қайғылы оқиға болған күні пәтерден әйелдің айқайы естілгенін айтады
Алматыда әйел мен оның екі баласының өліміне қатысты тың деректер пайда болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Әйелдің көршісі Айнұр Сарбасованың айтуынша, марқұмның күйеуі іссапардан оралғанда есік жабық болған.
«Күйеуі ішке кіру үшін есікті бұзып ашатын қызметке хабарласуға мәжбүр болды. Олардың екі баласы болғанын ғана білеміз. Чатта көршілер оның жақсы әйел болғанын жазып жатыр. Көбі оны әйелдің өзі істеді деседі, дегенмен нақты не болғанын ешкім білмейді», - дейді көршісі Айнұр Сарбасова.
Қайғылы оқиға болған пәтердің есігін полиция тарс жапқан. Пәтер жанында, еденде қан ізі көрінеді, бірақ оның қайдан пайда болғаны, мәйіттерді шығарған сот-медициналық сараптамашылар қалдырғаны немесе ықтимал кісі өлтіруші қалдырғаны белгісіз.
Көршілері қайғылы оқиға болған күні пәтерден әйелдің айқайы естілгенін айтады.
«6 тамыз күні сағат 7:30 шамасында тереземіз ашық тұрды. Мен баламды тамақтандырып отырған едім. Сосын әйел адамның «Көмектесіңдер!» деп қатты айқайлағанын естідім. Мен дауыстың қайдан шыққанын көру үшін терезеге бардым. Басқа көршілерім де терезеден қарап жатыр екен. Сосын әлгі дауыс сап тыйылды. Артынша баланың жылаған дауысы естілді. Болды. Әлдебір тарс еткен дыбысты да естідік. Шамамен 10 секундтай айқайғалаған дауыс та тыншып қалды», - дейді марқұм әйелдің көршісі Әйгерім Мырзабекова.
Әйел 34 жаста, ал балалары небәрі екі және жеті жаста болған. Полиция аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Прокуратура «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Тергеушілер пәтерге кімнің келуі мүмкін екенін де анықтап, жауап алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу барысы қалалық ПД бастығының жеке бақылауына алынды.