«Командирлер жертөлеге түсіріп ұрды»: Алматыдағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесіндегі әлімжеттік

Өрт сөндіруші Рүстем Тұңғатаров саладағы әлімжеттікті, жүгенсіз кеткен жүйені тоқтату керек деп ашынып отыр

«Командирлер жертөлеге түсіріп ұрды»: Алматыдағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесіндегі әлімжеттік
Фотоколлаж

7 жылдан бері Алматыдағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінде аға өрт сөндіруші болып жұмыс істеп келе жатқан Рүстем Тұңғатаров, бұдан әрі командирлердің көрсеткен қорлығына шыдамайтынын айтып, Azattyq Ruhy ақпарат агенттігінің бұл мәселеге араласуын сұрады. 

Айтуынша, бұған дейін көгертпей ұрып келген командирлер кеше жұмыстан кейін жертөлеге түсіріп әбден сабап тастаған. Басшыларынан әрең дегенде қашып шығып, жалаң аяқ көлігіне жетіпті. Содан кейін жедел-жәрдем мен полицияны шақырдым дейді. 

«Бізде кешкі сағат 8 жарымда кезекшілікті өткізу басталады. Мен түгел өз кезекшілігімді тапсырып, үйге қайтқан едім. Саяхат авто бекетіне жетіп қалғанымда, командир Марат Дурназаров хабарласты. Маған боқауыз сөздер айтып, неге сұранбай кетіп қалғансың деді. Мен кезекшілікті тапсырып барып, үйге кеткенімді айттым. Ол менің дереу жұмысқа қайта келуімді талап етті. Мен сол кезде бөлімшенің басшысы мені жібермей жатыр екен деп ойлап қалдым. Сосын қайта жұмысқа бардым»,-дейді жәбірленуші Рүстем Тұңғатаров. 

Жұмысқа барған Рүстемді бөлімше командирлері Марат Дурназаров пен Дархан Керімбекұлы күтіп алыпты. Алдымен ар-намысыма тиетін сөздерді айтып, артынша жертөлеге түс деп бұйырды дейді.

«Подвалға түс деді. Мен түстім. Алдымен кеудемнен ұрды. Үш рет ұрды. Сосын менің де жауап қайтаруыма тура келді. Төбелес басталып кетті. Мен де кеуде тұсынан ұрдым, бірақ беттен ұрған жоқпын. Бір уақытта мен Марат Дурназаорвтың үстіне отырып қалдым. Сол сәтте екінші командир араласып, мені аударып жіберді. Содан кейін Марат Дурназаров үстіме шығып алып, бетімді, құлақ-шекемді жұдырықпен ұра бастады. Сол кезде екінші командирге ажыратшы деп өтіндім. Ол ажыратқан жоқ. Әрең дегенде бөлімшеден қашып шықтым. Аяқ киімімді де киюге мұршам болмады, жалаң аяқ көлігіме дейін жеттім»,-деді Рүстем Тұңғатаров. 

Көлігіне жеткен Рүстем жедел-жәрдем мен полицияны шақырған. Ауруханада оған бас-миының шайқалғанын, бетінде қанның ұйып қалғанын айтқан. Ал полиция департаменті сот-медициналық сараптамасының тағайындалғанын хабарлады.

«Алатау аудандық полиция бөлімшесіне екі тарап та өздерінің ресми арыздарын түсірген. Қазіргі таңда бұл деректер Қылмыстық кодекстің 107 бабы бойынша тіркеліп, келтірілген дене жарақаттарының деңгейін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамасы тағайындалды»,-деп мәлімдеді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

"1 тамызда Төтенше жағдайлар департаментіне №2 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері арасында, кезекшілік ауысымнан кейін,  ауызша кикілжің орын алып, оның соңы төбелеске ұласып, салдарынан екі 28 – 29 жастағы қызметкердің екеуі де түрлі дене жарақаттарын алғаны туралы баяндама келіп түсті. Шұғыл түрде бұл факті бойынша тергеу тағайындалды. Қызметтік тергеу нәтижесі кейінірек жарияланады", - деп мәлімдеді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті.

Ал жеті жыл таяққа шыдап келдім деген өрт сөндіруші Рүстем Тұңғатаров саладағы әлімжеттікті, жүгенсіз кеткен жүйені тоқтату керек деп ашынып отыр.

«Айына 2-3 қызметкер жұмыстан кетіп жатыр. Өйткені мұндай әлімжеттікке шыдамайды. Ал кейбіреулері шыдап жүр. Себебі оқуын оқып жатыр. Алматыда өрт сөндірушілердің арасында бір нәрсе бола қалса, №2 бөлімшеге аударып жіберемін деп қорқыту әдетке айналған»,-дейді өрт сөндіруші Рүстем Тұңғатаров.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.