Талғар орталығында көкпар ұйымдастырғандар мен шабандоздар жауапқа тартылды
Әлеуметтік желілерде бір топ шабандоздың көкпар тартысқан видеосы тарады
Талғар көшелерінде көкпарды ұйымдастырғандар мен шабандоздар жауапқа тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желілерде Алматы облысы Талғар қаласының көшелерінде бір топ шабандоздың көкпар тартысқан видеосы таратылды.
Бұл жағдайда қатысушылар қолданыстағы заңнаманы бұзып қана қоймай, елдімекен аумағына кіріп, жоғарыда айтылғандай жол қозғалысына кедергі келтіріп, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.
Әйтсе де мұндай ұлттық спорт ойындарының арнайы белгіленген орындарда, яғни атшабарларда, ондай атшабарлар болмаған жерде ауыл әкімдерінің келісімімен жазық далада өткізілуі тиіс. Сонда ғана ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан ұлттық ойынымыз көкпардың қызығын алаңсыз тамашалау мүмкіндігі туады. Алматы полициясы халықтың өмірі мен денсаулығы – таптырмас байлық екенін еске салды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері көкпарды ұйымдастырушылар мен қатысушыларын анықтады. Олар ҚР ӘҚБК-нің 434-бабы мен 593-бабы және 614-бабы бойынша әкімшілік заңнама нормаларына сәйкес, жауапкершілікке тартылды. Айта кетейік, ұсақ бұзақылық үшін сот ойынды ұйымдастырушыға және басқа да қатысушыларына 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алуға санкция берген.