Ақтөбе облысында жанармай құю бекеті жарылып, ғимарат өртеніп кетті
Төтенше оқиға 17 шілдеде сағат 18:50 шамасында болған
Ақтөбе облысының Алға қаласындағы жанармай құю бекетінде жарылыс болып, бірнеше көлік, әкімшілік ғимарат пен жанармай таратқыш бағандар қирап қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, кезекші бөлімге 17 шілдеде сағат 18:50-де екі екі рет жарылыс дүмпуі естілгені туралы хабар түскен.
«Төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік пультіне Алға ауданы Алға қаласы, Абай көшесі мекенжайындағы «ЛиманГаз» газ бекетінде сыйымдылығы 46 текше метр цистернаның жарылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына 26 қызметкер мен 7 техника жедел жөнелтілді», - деп хабарлады ТЖД.
Өрт салдарынан Toyota Camry жеңіл көлігі, бір тиеу техникасы, екі жанармай тарату бағаны жанып кетті. Аумағы 22 шаршы метрді құрайтын жанар-жағармай құю станциясының әкімшілік ғимараты қирап, артынан өртеніп кеткен.
Төтенше жағдайлар департаменті екі тиеу техникасы мен көлемі 54 және 10 текше метр екі резервуарды аман алып қалды.
Өрт сағат 19:44-те оқшауланып, 20:02-де жойылды.
Құрбандар мен зардап шеккендер болған жоқ.