Қайғылы оқиға 13 шілдеде сағат 14:30 шамасында болған
Ақтөбе облысында жол-көлік апатынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 13 шілдеде сағат 14:30 шамасында Жаңажол кенті мен Мұғалжар ауданының Северная труба кен орны аралығында болған.
«5 жастағы УАЗ автокөлігінің жүргізушісі өндірістік аумақта Жаңажол кенті бағытында қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Shacman автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік апаты салдарынан УАЗ автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы Кеңқияқ кентінің ауруханасына жатқызылды, ал осы көліктегі өзге екі жолаушы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды», - делінген хабарламада.
Қазіргі кезде ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.