Шымкентте тергеу кезінде қайтыс болған азаматтың соты тағы кейінге шегерілді

Автор: Azattyq Rýhy

Марқұм Нұрболат Жұмабаевтың анасы 7 айдан бері заң орнының адамдары кешірім сұрамағанын, өлтірген жігіттердің бостандықта жүргенін айтады

Фото: otyrar.kz

Шымкентте полиция департаментінің ғимаратында қайтыс болған Нұрболат Жұмабаевтың ісіне қатысты сот басталды. Күдіктіні өлтірді деген күдікке 4 полиция қызметкері ілінген. Дегенмен, марқұмның ата-анасы бұл іске кінәлілер одан да көп дейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкенттегі тергеу кезінде қайтыс болған марқұм Нұрболат Жұмабаевтың анасы сот отырысы басталғаннан жанайқайын жасыра алмады. Ол полиция департаментінің ғимаратына аман кіріп, мәйіті шыққан ұлына қатысты іске Қостанайдан осымен екінші рет келіп отыр. Алайда сот бұл жолы да кейінге шегерілді.

«Біз 2 мың шақырым жерден екінші рет келіп тұрмыз. Міне, 2-рет келіп едік, тағы кейінге қалдырды. 5-6 дан адвокаты бар. 2 адвокаты жоқ деп сотты кейінге қалдырып жатыр. Әділетті шешіледі деп ойламаймыз. Жоғары сотқа береміз. Болмаса әлемдік сотқа береміз», - дейді марқұм Нұрболат Жұмабаевтың ашынған әкесі Ерғара Жұмабаев.

Марқұм Нұрболат Жұмабаевтың анасы Ажаргүл 7 айдан бері заң орнының адамдары келіп немесе қоңырау соғып, бір рет те кешірім сұрамағанын, өлтірген жігіттердің бәрі бостандықта жүргенін айтады.

Нұрболат Жұмабаев досы Сергей Петровпен бірге өткен жылдың желтоқсан айында көлік ұрлады деген күдікке ілініп, Шымкенттің полиция департаментіне жеткізілген еді. Алайда, тергеуге өз аяғымен барған 30 жастағы жігіттің ғимараттан өлі денесі шықты.

«Полиция департаментінің бірінші басшысы Ералы Жұмаханбетов те жауап беруі тиіс деп есептейміз. Өйткені бұлар солардың бұйрығын орындаған. Және ең үлкен заңбұзушылық жасап, жігіттерді қылмыстық іс қозғалмай жатып ұстаған. Заң бойынша адамдарды тек қана қылмыстық іс қозғап, ұстауы керек», - деді марқұм Нұрболат Жұмабаевтың әкесі Талғат Есімов.

Бүгінгі таңда билігі мен лауазымын асыра пайдаланып, адам денсаулығына ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлімге әкеп соғу бабымен полицияның бұрынғы 4 қызметкері күдікке ілінген. Олар: Криминалды полиция басқармасы бастығының бұрынғы орынбасарлары Уәлихан Жәнібеков пен Дәулет Аймешов, аудандық полиция бөлімінің бұрынғы бастығы Дінмұхамед Исаев және жедел уәкіл Өткіров.

Дегенмен сот отырысына аталған күдіктілердің адвокаты түгел келмеген соң, сот 18 шілдеге қалдырылды.