Шымкентте 13,5 млн теңгені жымқырған шаруа қожалығының басшысы сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол асыл тұқымды қой сатып алудың орнына, бюджет қаржысын жеке қажеттілігіне жұмсаған

Фото: ашық дереккөзден

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мәселен, өңір тұрғыны 2020 жылы сенімхаттар негізінде 2 шаруа қожалығы атынан Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына асыл тұқымды қой сатып алуға және жем-шөп шығындарын өтеуге 13,5 млн теңгеге өтінім берген.

«Алайда сотқа дейінгі тергеу аясында асыл тұқымды қойлар сатып алынбағаны, алынған бюджет қаражаты жеке қажеттіліктерге жұмсалғаны анықталды. Келтірілген залал толық өтелді», - делінген агенттік хабарламасында.

Сот үкімімен аталған азамат кінәлі деп танылып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.