$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Прокурор Тоқаевтың тапсырмасын тыңдамайды»: Түркістан облысында 100 отбасы жұмыс істеген зауыт жабылып қалды

3700 шаршы метр жерді алып жатқан зауыт банктен алынған несиеге салыныпты 

«Прокурор Тоқаевтың тапсырмасын тыңдамайды»: Түркістан облысында 100 отбасы жұмыс істеген зауыт жабылып қалды

Түркістан облысында 100 адамды жұмыспен қамтамасыз еткен зауыт жабылып қалды. Жұмысшылар бұған олигарх Қайрат Боранбаев пен оның серіктері кінәлі дегенді айтып отыр. Кәсіпорын жұмысының тоқтауы салдарынан Сайрам ауданының халқы өсірген көкөніс пен жемісін сататын жер таппай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Түрлі сусындар мен шырын, консервіленген қияр-қызанақты шығаратын зауытқа ауыл адамдары бау-бақшасындағы өнімдерін өткізіп келген. Зауыт жабылғандықтан өрік пен алма, өзге де өнімдерді өткізетін жер жоқ. Ауыл халқы күн көрістен қағылса, зауыттағы жүз адам жұмыссыз қалған. Сайрамдық кәсіпкерлер бұның бәріне олигарх Қайрат Боранбаев пен оның көмекшілері тікелей кінәлі деп санайды. Қала ғана емес, алыстағы ауыл адамдарына да шынжыр балақ шонжардың кесірі тиді деп отыр ширек ғасырлық бизнестерінен айрылылған сайрамдықтар.

«Қайрат Боранбаевтың көлеңкелі істерін тындырумен айналысқан Тимур Байболов пен Арман Бакеевтың бопсалауына ұшырадық. Олар бізді барлық жағынан қысып тастады. Бопсалау арқылы маңдай терімізбен тапқан табысымызды бірнеше жыл өздерінің есеп шоттарына аудартып отырды. Біз екі жылдың ішінде оларға 108 млн теңге аудардық. Бұл банктің есеп-шоты арқылы көрініп тұр. Ал дәлелдей алмай отырған қаншама ақшамыз оларың қалтасына кетті.

Сарыағаш ауданындағы «Алекс» сусынын шығаратын компанияның тасымалдаушысы болдық. Суды Қазақстан аумағына таратып тұрдық. Зауыттан шыққан суды алдын ала ақшасын төлеп сатып аламыз. Әр құтының үстіне төрт теңге қостық. Алайда, зауыт 2017 жылы Боранбаевқа өтті де, ол  өзінің адамдары арқылы бізді қорқытып, өздірінің «Smart Trading Logistics» ЖШС атты жалған фирмасының  есеп шотына біздің пайдамызды да аудартып отырды.

Кейін ақшаны «Мадира» фирмасының есеп шотына жібертті. Шымкентке арнайы келіп, бопсалаған Байболов пен Бакеевке бұл әрекеттерің заңсыз дедік. Олар бізге ескеру жасап, «Боранбаевтың кім екенін білесіңдер, жақындарыңды, балаларыңды ойламайсыңдар ма?» деп сес көрсетті. Осылай біз оларға «Алекс Сарыағаш» суын сатып беріп қана қоймай, көрген пайдамызды да беріп отырдық. Мемлекетке 107 млн теңге салық төлесек, олардың жалған фирмаларына да осыншама көлемде ақша адуардық. Ақыры қаржымыз таусылды дегенде, олар суды өздерінен қарызға алып сата беріңдер деді. Олар сол кезде келісімшартты біржақты үзіп, бізді сотқа берді. Сарыағаштағы осы «Алекс» суын шығаратын зауытты Боранбаев сатып алғанда, біз ол жердің бұрынғы шетелдік қожайынымен бірге кеткіміз келген. Бірақ суды нарыққа өткізу жағын біз жақсы дамытқандықтан, олар бізбен жұмыс істегілері келетінін айтып, жібермеді. Біз оларға сеніп қалсақ, олар біздің дүние-мүлкімізді түгендеп, сыртымыздан қақпан құрыпты», - деді жәбірленуші Гүлмира Нұрғазықызы.

Артықбайлар әулетінің Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын зауыты болған. Қияр-қызанақты консервілеп, сусындар шығарып келген. 3700 шаршы метр жерді алып жатқан зауытты банктен несие алып салған. Ішіне 30-дан астам аппарат орнатып, өндірісте жұмысшылар екі ауысыммен жұмыс істепті. Өздерінің бау-бақшасынан бөлек қажетті өнімді халықтан алып отырған. Боранбаевтардың әрекетінен зардапр шегіп, бопсалауынан қорыққан кәсіпкерлер зауыттың қаражатын да олардың айтуымен «жұмсауға» мәжбүр болған екен.

«АУЫЛ АДАМДАРЫ АЛМА МЕН ӨРІКТІҢ КЕЛІСІН 70 ТЕҢГЕДЕН ӨТКІЗЕ АЛМАЙ ОТЫР...»

«Біз 25 жылдан бері бизнестеміз. Боранбаевтың адамдары біздің зауытқа да келіп жүретін. Сонда олар бізді алдап, бірге жұмыс істейміз деген сылтаумен оларға қатысы жоқ зауытымызды да түгел зерттеп жүріпті. Құдай сақтағанда олардың айтқанына бағынбайтын банкке 450 млн теңгеге бағалап кепілге қойып тастаған едік. Олар зауытты ала алмаған соң, тапқан табысымызды бопсалап тонады. Томат, күздік салаттар, одан бөлек бір және екі литрлік банкадағы қияр шығардық. Есеп-шот бұғатталған соң бұның бәрі сатылмай, тауардың қолдану мерзімі өтіп кетті де, түгелдей жарамсыз болып қалды.

Халықтың сұранысына да, мейрамханалардың тапсырысына да ие тауарлар еді. Сайрам ауданында диқандардың бәрі бақшасындағы өнімдерін бізге өткізетін. Өйткені олар бақшасындағы жемістерін алысқа таси алмайды. Үш гектар жерге өсірілген қара өрік, сары өрік, алма бағымыздың сыртында ауыл халқы көкеністі зауытқа өткізіп, ақша табатын. Енді міне, зауыт жабылғалы жеміс-жидек ит басына төгіліп, шіріп жатыр. Алманың келісін тұрғындар 70 теңгеден делдалдарға береді. Өрік терілмей шіріп жатыр. Келісін 70 теңгеден ел сата алмай отыр. Консервіленген өнімдерден бөлек шырын, сусынды да шығардық. Шымкент пен Түркістан облысына ғана емес, өзге өңірлердің де сұранысына ие еді. Бірақ зауытты Боранбаев пен оның қолшоқпарлары тоқтатты. Өйткені, олар адамдарымен осы зауытқа келіп, біздің бұл бизнесімізбен де танысып жүретін. Біз олармен «Алекс» суын тасымалдаушы ретінде ғана серіктес болғанымызбен, көкеністі банкілеу, сусын шығару, яғни мына зауыт бойынша ешқандай әріптестік байланысымыз болмаған.

Бірақ олар бізді бопсалау арқылы бір тонаса, суды бізге сатып екі пайдаға кенелді және оның үстінен түскен пайданы да өздері тағы алып отырды. Кейін біздің қаражатымыз біткенде келісімшартты үзіп, 120 млн теңге өндіруге сотқа берді. Сот арқылы біздің барлық мүлкімізді, зауытты да  бұғаттап тастады. Зауытты тартып ала алмады. Біз пәтерімізді, өзге де дүниелерімізді сатып, 106 млн теңгені жаптық. Енді 14  млн теңге қалды. Есесіне зауыттың жұмысын тоқтатты», - деді кәсіпкер әйел. 

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҮШ РЕТ ҚЫСҚАРТЫЛҒАН...

Шыдамы таусылған кәсіпкер Үмбет Артықбай 2020 жылы полицияға алғашқы арызын жазған. «Алекс» ЖШС-нің директоры А.Бакеев пен қауіпсіздік қызметінің бастығы Т. Байболовтың үстінен Шымкент қалалық Полиция департаменті алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғаған. Арызда «Алмалы» автивтерді басқару акционерлік қоғамының қожайыны, олигарх Қайрат Боранбаевтың да аты анық көрсетілген. Өйткені, оған бағынышты компанияларды басқарған екеу бұйрықты Боранбаевтан алғандарын ашық айтқан. Тергеуші Алматы мен Шымкенттің арасында кезек жүріп, куәгерлерден жауап алады. Ақша аударылған фирмаларды да, қаржыны кімнің қай уақытта қалай шешіп алғанын да толық анықтайды. Алайда, сегіз айға созылған тергеу ісі  «қылмыстық құрам жоқ» деген желеумен 2021 жылдың көктемінде қысқартылып қалады. 

«ОРГАНДАР ТӨБЕДЕН НҰСҚАУ КҮТЕДІ...»

«Шымкент қалалық прокуратурасының басшысына көңілім толмайды. Олар төбеден нұсқау күтеді, қорқақтық. Менің конституциялық құқығымды таптап отыр», - деді кәсіпкер Үмбет Сабырұлы.  

«БҰЛ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ЕМЕС, ҚОРЛАУ..»

Ауылдағы кәсіпкерлер өздерін бопсалағандарға қарсы күресті Қ.Боранбаев қамалмай тұрып бастаған. Айтуларынша, одан зәбір көрген адамдар оңтүстікте де аз емес. Тек көбінің батылы жетпейді, жетсе де әділдіктің орнайтынына сенбейді. Өздерінің арызы бойынша үш рет ашылған қылмыстық істің екі жылға созылып, ақыры жабылып қалуын құқық қорғау органдарының заңды белден басуы, күші көптің ығына жығылуы деп санайды.

«Қылмыстық істі 190-баппен өздері ашты, алаяқтық әрекет деп бағалады. Тергеуші осылай істі үш рет ашып, қылмыстық кодекстің 35-бабын негізге алып, үш рет қысқартып тастады. Прокуратура істі ары қарай тергеп, сотқа жіберуге мүдде танытпады. Тергеуші Ануар Тұрабеков 12 томдық қылмыстық істің ішіндегі куәгерлердің жауабын қасақана жоғалтып жіберген. Хаттамаларды құртып жібергенін прокуратура да мойындап, ресми түрде хат жіберді. Жауапты прокуратурадан тоғыз айда әрең алдық. Сонда қаласа ашады, қаламаса өздері жаба салатын бұл қылмыстық іс оларға ойыншық па?

Шымкент қаласының прокуроры Мұқановқа да, Полиция департаментінің тергеу басқармасына да көңіліміз толмайды. Олардың жұмыс істегендері – істі қысқартып, сотқа жеткізбеу. Олар заңды белшесінен басып отыр. Өздері шығарған қаулыға өздері қарсы шығады. Сараптама, беттесулер, тергеу, куәгерлердің сөздері сынды толып жатқан дәлелдер көп болса да прокуратура істі қыстартып тастай береді. Президент Тоқаев кәсіпкерлерді қорғаңдар, бопсалау болмасын, ойдан ертегі шығармаңдар деді. Құқық қорғау органдарына кәсіпкерлерді қорғаңдар деген. Біздің Шымкентте кәсіпкерлерді қолдау емес, қорлау болып жатыр. Кәсіпкерлер салық төлейді, қаншама отбасын жұмыспен қамтамасыз етеді. Соның бәрін біле тұра, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіріп отыр, алаяқтарға қолдау білдіріп отыр. Прокурор Тоқаевтың тапсырмасын тыңдап отырған жоқ», - деді Президенттен көмек сұраған Гүмира Артықбай.

«Алекс» су зауыты Сарыағаш ауданында, ал Артықбайлар әулетінің жеміс-жидек өңдейтін зауыты Сайрамда. Екі зауыт та облыста орналасқанмен, бопсалау әрекеті қалада болғандықтан қылмыстық істі  Шымкент қалалық ПД тергеген. Прокуратура сот сараптамасын негізге ала отырып, кәсіпкер Боранбаевтардың жалған есеп-шотына 107 млн 697 мың теңге аударғанын мәлімдеген. Тергеушінің дәлелді құжаттарды қасақана жойып жібергенін прокуратура да растаған. Заңның үстемдігін қадағалаушы мекеменің басшысы сонда да дау азаматтық сот тәртібі арқылы қаралу керек деп санайды.

«Ү.С.Артықбай өзінің ісі бойынша куә ретінде жауап алынған Д.Қорғанбаев пен Г.Артықбайдың жауап алу хаттамалары, олардың Т.байболовпен беттестіру хаттамалары іске тіркелмеген, тергеуші А.Турабеков аталған процестік құжаттарды қасақана әдейі Т.Байболов пен М.Қолдауды қылмыстық жауапкершіліктен бостау үшін жасалғанын көрсеткен. Шағымды қарау барысында іс құжаттарына зерттеу жүргізіліп, шағымданушы Ү.С.Артықбайдың уәждері өз дәлелін тапты. Яғни, іс құжаттарында Д.Қорғанбаев пен Г.Артықбайдың жауап алу хаттамалары, олардың Т.Байболовпен беттестіру хаттамалары жоқ екені анықталды. Шымкент қалалық ПД-нің тергеушісі А.Турабековтің көрсетілген тергеу әрекеттерін жүргізгені немесе жүргізбегенін анықтап, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда шара қарастыру үшін Ү.С. Артықбайдың шағымының көшірмесі осы бөлігінде Шымкент қалалық ПД Өзіндік қауіпіздік басқармасына жолданды», - деп жазған.

Қала прокуроры Ғ.Мұқанов бір-біріне кереғар пікірді жаза отырып, кәсіпкердің қылмыстық істі төртінші рет ашуын талап еткен арызын қанағаттындырудан бас тартқан. Azattyq Rýhy аталған жағдайға қатысты ҚР Бас Прокуратруасына сауал хат жолдады.

Серіктес жаңалықтары