Алматы облысында үй өртеніп, 2 сәби көз жұмды
2016 және 2017 жылы туған балаларды өрттен көршілері алып шыққан
Алматы облысында жеке тұрғын үйден өрт шығып, 2 бала көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт сөндірушілер келгенше көршілер 2016 және 2017 жылы туған балаларды жанып жатқан үйден алып шыққан. Балалар аудандық ауруханаға барар жолда алған жарақаттары салдарынан жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.
«Бүгін сағат 13.16-да өртке қарсы қызмет пультіне Талғар ауданына қарасты Өстемір ауылындағы жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына 35 шақырым шалғайдан өрт сөндіру бөлімшесі келіп жеткен кезде бүкіл үй қызыл жалынға оранып жатқан. Сағат 14.14-те өрттің таралуы тоқтатылып, сағат 14.21-де толығымен сөндірілді. Жалын шарпыған аумақ 77 шаршы метрді құрады. Өрттің шығу себебі анықталуда», - деді комитеттен.
Өртті сөндіруге Алматы облыстық Төтеше жағдайлар департаменті жеке құрамының 8 маманы мен 2 техникасы жұмылдырылған.