$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.07.2022, 16:00
Оқиғалар

«Алтын Орда» базарында телефонын ұрлатқан жігіт ұрының қолынан қаза тапты

24 жастағы жігіттің артында аяғы ауыр келіншегі қалды   

«Алтын Орда» базарында телефонын ұрлатқан жігіт ұрының қолынан қаза тапты
Видеодан кадр

Алматы облысында «Алтын Орда» базарында ұрланған телефонын қайтарып алмақ болған жігіт мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеодан мәлім болғандай, 24 жастағы жігіт телефонын ұрлап алып қайтармай қойған ер адамның соққысынан кейін комаға түскен. 

«Кепка киген ер адам жас жігіттің телефонын ұрлап алған, ол қылмыс үстінде ұсталды. Соның өзінде телефонды бермей, жігітті «өлтіремін» деп қорқытып, бір-екі рет басынан ұрып, кетіп қалған. Кейін жәбірленуші есін жоғалтып, комаға түскен. Оның есімі Қайнар, жасы 24-те еді. Бүгін, 8 шілдеде ол есін жимастан қайтыс болды. Артында жүкті әйелі қалды», – деп жазды Zhest_kz Telegram арнасы.

Болған оқиғаға қатысты марқұмның сыныптасы біраз жайтты айтып берген.

«14 маусымда Қайнар көкбазарға барып, телефонын сатпақ болған. Сол жерде бір әйел мен ер адам телефон сатып алатын таныстары бар екенін айтып, оны Алтын Орда базарына алып кеткен. Сол жерде кепка киген жігіт қарап көрейін деп оның телефонын алып, қайтармай қойған. Оқиғаның соң видеодан көргендеріңіздей аяқталды», - дейді ол.

Аталған оқиғаға қатысты облыстық полиция департаментінің өкілдері пікір білдірген.

«Екі жас жігіттің арасындағы жанжал 14 маусымда «Алтын Орда» базарында болған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы («Тонау») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу материалдарында ауруханада емделіп жатқан Талғар ауданының 23 жастағы тұрғыны жәбірленуші ретінле танылған. Өкінішке қарай, 8 шілдеде жәбірленушінің қайтыс болғаны белгілі болды. Осыған байланысты қосымша тергеу әрекеттері ұйымдастырылып, қылмыстық істі қайта саралау мәселесі қаралып жатыр», - деді ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде жеке басы анықталған күдіктіні ұстау шаралары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары