Сирек кездесетін қаруды СҚО Полиция департаментінің музейіне тапсыру мәселесі шешіліп жатыр
Петропавлда ер адам ескі гаражын бұзған кезде еден астынан түйіншекке оралған мылтық тауып алған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала тұрығыны табылған затты бірден қалалық полиция басқармасына тапсырған. Зерттеу барысында криминалистер бұл қару кейін аңшы мылтығына өзгертілген, халық арасында «фроловка» деп аталып кеткен, 1870 жылғы Бердан винтовкасы екенін анықтады.
Тарихи дереккөздерге қарасақ, XIX ғасырдың аяғында Бердан винтовкаларының әскери қоры аңшы мылтығы ретінде сатылған. Кейін 1920 жылдары тозған винтовкалар Тула қару зауытында 28-ші калибрлі қаруға өзгертіліп шығарылды. «Фроловка» атауымен белгілі болған бұл тегіс ұңғылы қару аңшы мылтығы ретінде сатылған. Дәл осындай үлгіні Петропавл тұрғыны тауып алған.
«Криминалистердің қорытындысына сәйкес қару атуға жарамсыз. Қазіргі кезде сирек кездесетін затты СҚО Полиция департаментінің музейіне тапсыру мәселесі шешілуде. Тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсыру оны заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босататыны туралы еске саламыз», - деді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Құрман Мусин.
Айта кетейік, ақпан айынан бастап еліміздің бірнеше өңірінде «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Мақсаты – атыс қаруы мен оқ-дәрі қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу және анықтау. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай жұмыс елдегі қылмыстық жағдайды жақсартуға оң әсер етеді. «Қару» жедел алдын алу шарасы барынша көп тіркелмеген қаруды заңсыз айналымнан алуға мүмкіндік береді.