Төтеншеліктер өрттің 5 шілдеде сағат 5:40-та сөндірілгенін мәлімдеді
Абай облысы Үржар ауданында Алакөл жағасындағы демалыс базасынан шыққан өрт 5 сағат бойы сөндірілді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Демалыс орындарынан шыққан ірі өрт Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері және тұрғындардың бірлескен күшімен 5 шілде күні сағат 5:40-та өрт сөндірілді. Алдын ала белгілі болғандай, өрт аумағы 3000 шаршы метрді құрайды. Өрттен 4 бірдей демалыс орны зардап шекті», - деп хабарлады ТЖД.
Сондай-ақ өрттен зардап шеккен 7 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Тексеруден өткен соң және алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар ауруханаға жатудан бас тартты.
Өрттің шығу себебі әлі анықталған жоқ. Оқиға орнында жедел штаб ұйымдастырылып, жұмыс істеп жатыр.
«Өртті секундына 10 метрге жететін жел өршітіп жіберген. Өрт бір ағаш үйден екіншісіне тарай берген. Өрт сөндірушілер мен сөндіруге қатысқандардың бәрінің сауатты және жедел әрекетінің арқасында өрт ауыздықталды», - деп хабарлады ТЖД.
Өртті сөндіруге жергілікті атқарушы органдардан, Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінен, Полиция департаментінен, Тарбағатай ұлттық паркінен және Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінен 186 адам мен 29 техника жұмылдырылды.