$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қарақалпақстандағы тәртіпсіздік: даулы баптар, наразылық шеруі, Нөкіс қаласындағы жағдай

Қарақалпақстан Республикасы Өзбекстан аумағының 40%-ын алып жатыр

Қарақалпақстандағы тәртіпсіздік: даулы баптар, наразылық шеруі, Нөкіс қаласындағы жағдай
Фото ашық дереккөзден

20 маусымда Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев өз елінде референдум арқылы конституцияға түзетулер енгізуді ұсынды. Оның ішінде Қарақалпақстанның Өзбекстаннан шығу құқығын айыру мәселесі қарастырылмақ. 1992 жылдың 8 желтоқсанында Өзбекстанның Жоғарғы Кеңесімен қабылданған қолданыстағы Конституцияда Қарақалпақстанға қатысты «әкімшілік-аумақтық және мемлекеттік құрылым» бөлімінде жеке тарау арналған, ол алты баптан тұрады. Azattyq Ruhy тілшісі көршілес мемлекетте болған жағдайға шағын шолу жасап шықты.

Қарақалпақстан негізгі заңда егемендігін сақтаған тәуелсіз республика ретінде көрсетілген. Сонымен қатар Қарақалпақстан халқының жалпы референдумы негізінде Өзбекстаннан шығу құқығы бар екендігі бекітілген. Жаңа заңнама бойынша бұл нормаларды алып тастау ұсынылады.

Алайда 1 шілде күні Қарақалпақстан халқы мұндай өзгерістерге қарсы екенін білдіріп, наразылық шеруін өткізді. Бұл туралы Өзбекстанның Ішкі істер министрлігі де мәлімдеді.

«1 шілдеде сағат 15.00-ден бастап Қарақалпақстанның кейбір азаматтары республикада жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларды дұрыс түсіндірмеу нәтижесінде Нөкіс қаласында жоспарланбаған шерулер ұйымдастырып, одан кейін орталық дехкан базарының аумағына жиналып, заңсыз демонстрация ұйымдастырды. Қоғамдық тәртіпті бұзуға және азаматтардың түрлі құқық бұзушылықтарды жасауына жол бермеу мақсатында дехкан базарының аумағында құқық қорғау органдарының күштері мен құралдары жұмылдырылды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қарақалпақстан Республикасы Өзбекстан аумағының 40%-ын алып жатыр.

МИТИНГКЕ ШЫҚҚАНДАРДЫҢ ТАЛАБЫ НЕ?

Референдум аясындағы өзгерістер туралы естіген Қарақалпақстан жұрты алаңға шығу арқылы қолданыстағы конституцияның 74-бабын (Қарақалпақстан Республикасы Қарақалпақстан халқының жалпы референдумы негізінде Өзбекстан республикасының құрамынан шығу құқығына ие) пайдалануды көздеді. Бұл бастаманың басында жергілікті белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратов тұрған. Оның мешіт алдында жасаған үндеуі әлеуметтік желілерге тарап, көптеген БАҚ беттерінде талқыланды.

MAKAN.UZ телеграм-каналында өзін журналист ретінде таныстырған Лолагул Каллыханова есімді азаматша Дәулет Тәжімұратовтың қазіргі жағдайына қатысты мәліметтермен бөлісті.

«Әлеуметтік желілерде оның үндеуі пайда болғаннан кейін нақты кім екені белгісіз, бірақ  Тәжімұратовтың өзінің айтуынша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері оған қоқан-лоққы көрсетіп, ол туралы жалған ақпараттар таратқан. Қазір Дәулетмұрат Тәжімұратовты алып кетті. Оның әпкесі аудио хабарлама жазды, айтуынша оның үйінде ешкім жоқ. Үйдің едені қанға боялған, терезелері сынған. Сондай-ақ оның 8 жасар баласын да бірге алып кетті. Дәулетмұрат Тәжімұратов Қарақалпақстанның Өзбекстаннан шығуы бойынша бейбіт митинг өткізгісі келді. Бұл мақсатта ол аймақ тұрғындарын 5 шілдеде кешкі сағат 5-те Жоғарғы Кеңеспен бірге жинағысы келді. Оның әлеуметтік желіге тараға видеосынан кейін жағдай күрт нашарлады», - дейді жазба авторы.

Автордың сөзінше, Қарақалпақстан Республикасының халқы Өзбекстан құрамынан шығып, өз егемендіктерін алуды көздейді. Мұны Дәулетмұрат Тәжімұратовтың үйі мен Нөкіс қаласының көшелеріне шыққан қараша халық пен олардың сөздері растай алады.

Қазіргі уақытта Дәулетмұрат Тәжімұратовтың қайда екені және жағдайы туралы ресми ақпарат жоқ.

ҚАРАҚАЛПАҚСТАНҒА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕЖИМІ НЕ ҮШІН ЕНГІЗІЛДІ?

Кеш батқаннан кейін Жоғарғы Кеңес ғимаратының жанында жағдай тағы да ушыға түскен. Gazeta.uz ақпараттық порталының мәліметінше, ғимараттың маңына өзге өңірлерден келген адамдар жинала бастаған.

Осы уақыт аралығында шетелдік ресурстарда Нөкісте болып жатқан оқиғаның фотосуреттері мен видеолары тараған. Куәгерлердің айтуынша, кейбір адамдар Жоғарғы кеңес ғимаратына кіруге тырысты, десе де сондағы кей жастар оларды тоқтатуға тырысқан.

Оқиға орнында жарылыстардың да дауысы естіліп, жұрт жапа-тармағай жан-жаққа қашқан, арасында жарақат алғандары да бар.

Қарақалпақстандағы жағдай ушыға түскеннен кейін Президенттің Жарлығымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елде төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл туралы Өзбекстан Республикасы басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадов өзінің телеграм-каналында мәлімдеді.

«Президенттің Жарлығымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен бостандығын қорғау, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру үшін Қарақалпақстан Республикасының аумағында 2022 жылғы 3 шілдедегі 00 сағат 01 минуттан 2022 жылғы 2 тамыздағы 00 сағат 00 минутқа дейінгі кезең аралығында төтенше жағдай енгізілді», - делінген хабарламада.

Өзбекстанның Ұлттық ұланы Қарақалпақстан тұрғындары мен қонақтарын төтенше жағдай режимінің талаптарын сақтауға, негізсіз далаға шықпауға және түрлі ресурстар тарататын ақпаратқа сенбеуге шақырды.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев 2 шілде күні Нөкіс қаласына келді. Бұл туралы оның  баспасөз хатшысы хабарлады. Онда Өзбекстан басшысы Жоғарғы Кеңес депутаттарымен, аға буын өкілдерімен және Қарақалпақстанның белсенді азаматтарымен кездесу өткізді.

«Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды талқылау үдерісі әлі де жалғасып жатқанын ескере отырып, сондай-ақ Қарақалпақстан тұрғындарының айтқан пікірлерін зерделеу негізінде Президент Өзбекстан Республикасы Конституциясының 70, 71, 72, 74, 75-баптарының қолданыстағы редакцияларын өзгеріссіз сақтау қажеттігін атап өтті», - делінген хабарламада.

НӨКІСТЕ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТАЛА БАСТАДЫ

Өзбекстан Президенті 3 шілде күні таңертең Қарақалпақстанның барлық ауданымен видеоселекторлық кеңес өткізді. Аудан әкімдері мен құқық қорғау органдарының басшылары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Бұдан кейін Шавкат Мирзиеев Нөкіс қаласындағы Жекетерек ауданының тұрғындармен кездесті. Өзбекстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы жариялаған мәліметтерге сүйенсек, жергілікті ақсақалдар соңғы оқиғаларда жастардың кейбірі қателесіп, сыртқы диверсиялық күштердің ықпалына түсіп, эмоцияға бой алдырғанын атап өткен.

Жоғарғы Кеңеспен кездесуден кейін Президент Шавкат Мирзиеев Нөкіс ауданындағы «Саманбай» ауылы азаматтарының жиынына барып, ақсақалдармен және махалла белсенділерімен кездескен. Жергілікті жұртшылықпен бейбітшілік пен келісімді бағалау және қорғау, болашақты бірге құру қажеттілігі туралы әңгіме болған.

Президент Шавкат Мирзиеев жексенбіде наразылықтардың нәтижесінде бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында құрбандар бар екенін растады. Бұл туралы Gazeta.uz ақпараттық порталында айтылды.

Шавкат Мирзиеев тәртіпсіздікке қатысқандардың кейбірі құқық қорғау органдары қызметкерлерімен қақтығыстар жасауға, күзетілетін аумақтарға басып кіруге, ғимараттарға тастар мен түрлі заттарды лақтыруға тырысқанын және бірнеше топ Нөкістегі қалалық ІІБ-ны, сондай-ақ Ұлттық гвардия басқармасының ғимараттарын қару-жарақпен басып алуға тырысқанын айтты.

Сондай-ақ Нөкіс қаласының әкімі тұрғындармен кездесу барысында бүгіннен бастап қалада базарлар, балабақшалар қайтадан жұмыс істей бастайтынын және қоғамдық көлік жүретінін хабарлады.

Серіктес жаңалықтары