Сондай-ақ оның сыбайласы да өмір бойына бас бостандығынан айырылуы немесе өлім жазасына кесілуі мүмкін
АҚШ-та шекараны заңсыз кесіп өткен 53 адамның жүк көлігінде тұншығып өлу ісі бойынша ұсталған көлік жүргізушісі Гомеро Заморано мен оның сыбайласы Кристиан Мартинес өлім жазасына кесілуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Әлемдік басылымдардың жазуынша, АҚШ әділет министрлігінің баспасөз қызметі тағы екі күдікті он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін деп мәлімдеген.
Тергеушілердің айтуынша, Гомеро Заморано шетелдіктерді аяғы өлімге ікеп соққан заңсыз тасымалдауды ұйымдастырған. Жүк көлігінде су мен кондиционердің болмауы салдарынан 53 мигрант ыстыққа тұншығып көз жұмған. Енді көлік жүргізушісі өмір бойына бас бостандығынан айырылады немесе оны өлім жазасы күтіп тұр.
Ал Криштиано Мартинес Гомеро Замораномен сөз байласты деп айыпталып отыр. Ол да өмір бойына бас бостандығынан айырылуы немесе өлім жазасына кесілуі мүмкін.
Сондай-ақ Мексика азаматтары Хуан Мендес пен Хуан Бильбао заңсыз қару сақтады деп айыпталды. Мигранттар қаза тапқан жүк көлігінің тіркемесі солардың атынла екені анықталды. Ер адамдар он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салсақ, полиция қызметкерлері бастапқыда жүк көлігінен 46 адамның мәйітін тапқан болатын. Сондай-ақ тірі қалған 16 адам, оның ішінде төрт бала жергілікті ауруханаларға жеткізілген еді. Өкінішке қарай, аурухана мекемесінде тағы бірнеше адам есін жимастан көз жұмғандықтан, марқұмдар саны 53-ке жеткен.
Бұған дейін Техас губернаторы Байденді жүк көлігіндегі мигранттардың өліміне айыптаған болатын.